Ұлттық компаниялардың сатып алуды жүргізу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіледі

663

Парламент Сенаты квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ұлттық компаниялардың сатып алуды жүргізу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіледі

"Қазір квазимемлекеттік сектордың сатып алулары әртүрлі нормативті құқықтық актілермен реттеліп келеді. Мәселен, Самұрық-Қазына қорының сатып алулары "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" заңымен және қордың директорлар кеңесі бекіткен сатып алу қағидаларымен реттелген. Самұрық-Қазына қорының құрамына кірмейтін Бәйтерек, Зерде сияқты ұлттық компаниялардың сатып алулары "Мемлекеттік мүлік туралы" заңымен және Қаржы министрлігі бекіткен Сатып алу қағидаларымен жүргізіледі", - деді заң жобасын Сенатта қорғаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың жанында жұмыс істейтін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің (АҚ, ЖШС, мемлекеттік кәсіпорындар) сатып алулары "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңмен және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен қарастырылады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен дәрілік заттарды сатып алатын медициналық ұйымдардың және "СК-Фармацияның" сатып алулары Денсаулық туралы Кодекспен және Дәрілік заттарды сатып алу қағидаларымен жүргізіледі.

"Әзірленген заң жобасымен Самұрық-Қазына қорының және өзге де ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуларын реттеу ұсынылады. Осылайша, заң жобасы сатып алулары шамамен 3,4 трлн теңге сомасындағы 250-ден аса ұлттық компания мен олардың еншілес ұйымдарын қамтиды. Бұл ретте орталық және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы мемлекеттік кәсіпорындардың, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің сатып алуларын "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңының шеңберінде қалдыру ұсынылады", - деді ол.

Осы заңның көмегімен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін заңның қолдану аясына, қағидаттарға, шектеулерге, тәсілдерге, бақылауға және шағымдануға қатысты базалық ережелер заң деңгейінде бекітіледі. Мемлекеттік сатып алуға ұқсас тендерлік құжаттаманы алдын ала талқылау, сондай-ақ шағымдану кезеңінде келісімшарт жасасуды тоқтата тұру механизмдері ұсынылады. Екіншіден, сатып алу процесін нақтылайтын нормаларды ережелер деңгейінде регламенттеледі.

"Осы ретте Самұрық-Қазына қорының сатып алу ережелерін бекітуді уәкілетті органның (Қаржы министрлігі) келісімі бойынша қордың қарамағында қалдыруды ұсынамыз. Бұл қор қызметінің ерекшелігі мен оның мәртебесіне, сондай-ақ ІРО өткізу және жекешелендірудің өзге де түрлері кезінде Қор компанияларының инвестициялық тартымдылығын сақтауға септеседі", - дейді Жамаубаев.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу