Республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт 2020-2021 жылдары 2,7 трлн теңге мөлшерінде айқындалды. Бұл туралы елдің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру кезінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Макроэкономикалық болжамның негізінде 2020-2022 жылдарға арналған бюджет параметрлері мен Ұлттық қордың болжамы әзірленді. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді қоспағанда) 2020 жылы 8 трлн теңге сомасында, 2021 жылы – 8,6 трлн теңге, 2022 жылы – 9,4 трлн теңге сомасында болжанады", – деп тоқталды М. Такиев Парламент Мәжілісінде.
Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті 2020-2021 жылдары 2,7 трлн теңге мөлшерінде, ал 2022 жылы 2,6 трлн теңгеге дейін төмендетумен айқындалды.
"Осыны ескере отырып, "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасы әзірленді. Ұлттық қорды жоспарлы пайдалану Ұлттық қордағы қаражаттың төмендетілмейтін қалдығы бойынша шектеудің орындалуын (ЖІӨ-нің кемінде 30%) қамтамасыз етеді", – деп түсіндірді М. Такиев.
Вице-министрдің айтуынша, бюджет тапшылығы 2020 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,1%, кейіннен 2021 жылы – 1,5% дейін және 2022 жылы – 1 % дейін төмендетілген мөлшерінде белгіленді.
"Осы параметрлерді есепке ала отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,7 трлн теңге, 2021 жылы 13,2 трлн теңге, 2022 жылы – 13,6 трлн теңге көлемінде белгіленді", – деді Мәди Такиев.