Хат-хабар алмасу үшін халық қыр басына шығып, жоталардан желі аулайды. Қала берді қос ауылда жедел жәрдем көлігі де жоқ. Әйтеуір әлеумет ауырмаудың амалын жасап-ақ келеді.
Қос ауылдың арасымен Айгүл Түсіпова осылай күнбе-күн айналып жүреді. Өйткені қазір тұмау өршіп тұр. Шақырту жиілеген. Медбикенің жұмысы Үкіметтікі, көлігі өзінікі. Оның өзін күйеуі 1.5 млн тг-ге алып берген. Өйткені 10 жыл бойы тасып шаршаған.
Сарысу ауданының шалғайында жайғасқан қос елді мекенде небәрі 30-ға жуық түтін бар. 100-ден аса тұрғын тұрады. 40 шақырым әріде малшылар үйі тағы бар. Жұрт арнайы көлік жырын аудандық әкімдікке бірнеше рет ескерткенмен, елеген ешкім жоқ деп отыр.
Кіші және Үлкен Көкдала, Шағалалы ауылдарындағы бұқара үшін де бұл мәселе ортақ. Жұрт жапапй байланыстың жоқтығына наразы. Қолдағы қалта телефоннан қайыр жоқ көрінеді. Кей үйге интернет жалғанған. Алайда ол кейде істеп, кейде тоқтайды. Сондықтан бұқара байланыс бағанасын орнатсын дейді.
Көкдалалық көпшілік осылай байланыстың жоқтығынан әр қырдың басына бір шығады.
Жергілікті әкімдік болса, Сарысуда 25 елді мекеннің 6-ында байланыс нашар екенін мойындады. Бірақ мектептердің барлығы интернетке жалғаныпты. Ал 3 елді мекенге байланысты тікелей тарту биыл көзделуде екен.
"Кіші-Көкдала, Үлкен-Көкдала, Шағалалы елді мекендерінде интернет тарту 2023 жылы жүзеге асады. Ол бойынша облыста басқармаға хат жазылған.Орталығы Досбол ауылы. Досбол ауылдық округінен осы 3 ауылға интернет тарту жоспарлануда", дейді Сарысу аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнұр Алтынбекова.
Ал жедел жәрдем көлігінің қаралмауы талапқа сай дейді аудандық бас дәрігер. Өйткені ұсақ елді мекендерге беру әу баста көзделмепті. Қажет жағдайда көрші ауылдағы жол талғамайтын көлік келіп, асарлатады дейді. Ал медбикеге қатысты мәселеге, үйме-үй аралағаны үшін қосымша ақы төлейді екен.
Нұрлан Асқар