Күшті Президент, ықпалды Парламент, қуатты мемлекет – халық үніне құлақ асатын, есеп беретін Үкіметтің іскерлігімен қалыптасады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шикізаттық емес орта кәсіпорындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын іске асырып, 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл істе өсу жоқ емес бар, шикіліктер де жетерлік.
Тәуелсіздіктің 33 жылында экономиканы дамытуға салынған капитал неге өз жемісін бермеді? Оның бір себебін инновациялық индустрияландыру бағдарламасының көзбояушылықпен жүргізілгенімен байланыстыруға болады. Жылына 67 мың планшет, 40 мың компьютер, 43 мың монитор шығарады деген "Caspiy Electronic" зауыты қайда? 40 мыңдай көлік құрастырады деген "Тұлпар" автокөлік зауыты, "Қазтехмаш" зауыты, жылына 100 мың тонна мырыш өндіреді деген Балқаш мырыш зауыты, "КазСат-1" жерсерігі, Шымкенттегі 19,3 млн долларға салынған "Ютекс" мақта өңдеу зауыты, 88,6 млн доллар жұмсалған "Биохим" кәсіпорны. Бұлардың көбі ашылмай жатып жабылып жатты. Осы жобалардың бәрі іс жүзінде жұмыс істеп, жаңадан бизнес ашыла бергенде қазір еліміздің экономикасы біршама жақсаратын еді. Құмға сіңген бюджеттің қыруар қаржысы әлі де желге ұшып жатқан жайы бар. Қанша республикалық бағдарлама қабылданса да әлі күнге ауызсусыз отырған ауылдар осының дәлелі.
Ауыл демекші, зейнетақы қорынан алынған триллиондардың ауыл шаруашылығының игілігіне бағытталғаны рас болса, шаруа шарықтаудың орнына неге шатқаяқтап тұр? Ол қаржы қашан қайтады? Екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға берілген қаражат та қайтпады. Банктер мемлекет ұсынған маңызды жобаларға демеушілік танытуы тиіс. Еліміздің бизнесін қолдауға 42 млрд доллар керек екен. Президент айтқандай, банктер айналымсыз жатқан активтерді осы мақсатқа пайдалану керек.
Мобильді аударымдар туралы бірер сөз. 300 аударымнан асқан адамды кәсіпкерліктің тәуекел тобына қосуға асықпау керек. Егер адамның айлық табысы 3-4 миллионнан асса, ойланып көруге болады. Өйткені бұқараның арасында кірісі аз, шығыны көп тұрғындар көп. Пәтердің бір шаршы метрі 350-600 мың теңгенің арасында құбылып тұрған кезеңде көліктің несиесі мен тұрмыстық несиелерді төсеуге, ішіп-жем мен киім-кешекке, балалардың оқу ақысына 2 млн теңге кірістің өзі жетпей қалады.
Халық мобильді аударымдарды тексеруге де, жаппай декларация тапсыруға да үзілді-кесілді қарсы. Шынын қуғанда, бұл идеяның өзі дұрыс емес. Себебі халықтың тапқан тиын-тебенін тексеру көлеңкелі бизнесті жарыққа шығара алмайды. Президент айтқандай салық жүйесін халыққа да, бизнеске де тиімді етіп жетілдіріп, бюджетке кіріс түсірудің басқа тәсілдерін тапқан жөн. Жұртшылыққа балық аулайтын қармақ беру керек.
Еліміз энергия өндірісі жөнінен әлемде 34 орында тұр. Ал, қуат көзін өндіруде көш басындағы мемлекеттер энергетикалық ресурстарын жекеменшік пен монополияға бермейді. Мемлекет меншігінде ұстап, стратегиялық маңызды мәселе ретінде қарайды. Себебі, электр энергиясын қажет етпейтін сала жоқ.
Өздеріңізге белгілі Парламентте жылу энергетикасы туралы заң қайта қаралып жатыр. Президент өз жолдауларында делдалдар мен монополияны жоюды ескерткен еді. Алайда, энергетика саласында делдалдар жойылғанымен, оның орнын монополистер басты. Айтарлықтай еш нәрсе өзгермеді. Қазір, монополистер ойына келген тарифті өздері белгілеп, жарық бағасын өсіріп жатыр.
Шымкентте осындай жағдай болып жатыр. Негізсіз көтерілген тарифтің кесірінен бірқатар кәсіпкерлер бизнестен бас тарта бастады. Оның ішінде "Аzala-текстиль" сияқты тоқыма-тігін кәсіпорны да бар. Еркін экономикалық аймақтарда жұмыс істеп тұрған зауыт, фабрикаларға да қауіп төніп тұр. Электр қуаты мен судың, табиғи газдың тарифі көтерілген сайын, инфляция өсе береді. Бұл кәсіпкерлерге де, тұрғындарға да тиімсіз. Әупіріммен қайта жанданған Кентаудағы кен байыту комбинаты да электр энергиясының қымбаттауы салдарынан жабылғалы тұр.
Сондықтан Энергетика министрлігі, Монополияны реттеу агенттігі Президент тапсырмасына сәйкес монополияның мемлекеттік саясатқа қарсы келуіне жол бермеуі керек. Бәлкім, бізге энергетика саласын түгелдей мемлекет балансына қайтарып алатын уақыт жеткен болар...
Теміржол желісін жекеменшіктен қайтарып, стратегиялық маңыз беру керек. Темір жол арқылы түрлі жүк пен тауар тасымалданады. Көптеген теміржол желісі жекеменшікке өтіп кеткендіктен, қалаларға жүк жеткізуде қиындықтар туындап жатқан жайы бар.
Қазір Кентаудағы экскаватор зауыты мен тігін фабрикасының жай-күйі аянышты. Шымкенттегі "Фосфор" зауыты мен шұлық тоқитын және әйгілі "Восход" фабрикалары да мемлекеттік қолдау күтеді. Аспандағы айға қол созбай, қол астында тоқтап тұрған өндірістерді өркендету арқылы да экономиканы біршама алға ілгерілетуге болады.
Жаңа жобаларды бастауға және ескі нысандарды жаңғыртуға екінші деңгейлі банктердегі 2,3 триллион теңгелік активтерді пайдалану тиімді. Президент қозғалыссыз жатқан активтерді бизнесті қаржыландыруға бағыттауға шақырғанын ұмытпайық. Түптеп келгенде банктер осы елдің азаматтарының арқасында өсім есебінен табыс тауып жатыр емес пе? Қашанғы мұнай мен қазба байлыққа иек артамыз?
Жұмыссыздықтың көптігі мен жұмыс орындарының аздығынан Дүниежүзілік сауда ұйымы қойған талаптарға жауап бере алмай отырмыз. Сол сияқты Президент ұсынған 10 ұлттық жобаны жүзеге асырмақ тұрмақ, қаржыландыра да алмадық. Жұмыс орындары көп болса, жұмыссыздардың саны азайып, салық арқылы бюджетке түсім көбейе түседі. Ал қазір тек салық пен айыппұлмен, қымбатшылықпен халықтың қалтасын қаққаннан басқа ешнәрсе өндіріп жатқан жоқпыз. Тапқан-таянғанын инфляция аздай, айыппұл арқалап титықтап жатса бұқара ашуға булықпай қайтсін? Ауылға барсақ күңкіл мен бұрқылдан артық әңгіме естімейміз. Әлбетте әркім аз да болса тапқанының жемісін жегісі келеді.
2025 жылға дейін шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға артырып, 4 млн адамды жұмыспен қату үшін 2 мың жұмысшы еңбек ететін 2 мың кәсіпорын ашу керек. Сонда Президент нұсқаған міндеттер орындалады. Ал, қазіргідей атүсті жүріспен межеге жету екіталай.
Үкімет бұл бағытта шұғыл шаралар қабылдап, жедел іске кірісуі керек. Күлтөбенің басында күнде кеңес өткізгеннен өріс кеңеймеді. Президент Парламентке сенім артқандықтан, Үкімет пен атқарушы билік тарапынан әрбір тапсырманың тиянақты әрі нақты орындалғанын қалаймыз.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша 60 млрд теңге бөлгенін, 2022 жылы күзгі жиын-терім кезінде 872 фермердің лизинге 1053 техника сатып алғанын айтты. Алайда, жүздеген шаруалардан талап-тілектер толастар емес. Олар жеңілдетілген лизингке қол жеткізе алмай жүр. Техника өте қымбат. Себебі, Қазақстанда утилизациялық алым құны 7 800 доллардан асып кетті. Биылғы дерек бойынша бір тракторға утильалым 370 мыңнан 7,4 млн теңге, ал, комбайн үшін 1,6 млн-нан 8,3 млн теңгеге бағаланған. Фермерлерге мұндай жүктеме тым ауыр тиіп жатыр.
Утиль алымның кесірінен шаруалар жаңа техника алудан бас тартып жатыр. Бұлайша егін шаруашылығы дамып, шаруашылықтар аяғына тұра алмайды. Жапонияда утиль төлемі 120 доллардан аспайды. Көлік шығарудан бізден оқ бойы озық Өзбекстанда 15-20 мың теңгенің арасында. Еуропалық Одақта утиль алым мемлекеттік деңгейде заңмен міндеттелмеген. Олар ескі көліктерге қатаң техникалық тексеру, экологиялық көлік салығымен шектеледі. Тіпті көліктің отаны саналатын Германияда да мемлекетке утилизациялық алым төленбейді. Бізде утиль алым да, салық та, кедендік рәсімдер де тым қымбат. Оған көлік салондарының ақысы мен банктердің өсімін қосқанда 4 млн теңге тұратын көліктің бағасы 14 млн-ға шейін шарықтап кетеді. Жұрттың бәрі дерлік үйді де, көлікті де несиеге алып, қып-қызыл шығынға батып жатыр. Су жаңа көлікке ақшасы жетпейтіндер арзанын алуға мәжбүр. Утилизациялық алымға түпкілікті тыйым салу керек.
Бір қуантарлығы, "КІА" корпорациясы келер жылы Қостанайда автомобиль шығаратын толық циклді зауыт салмақшы. Жобаға 90 млрд теңгеден асатын инвестиция тартылған. Зауытта 1,5 мың адам жұмыспен қамтылып, жылына 70 мың автомобиль шығарады деп күтілуде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың болжамы дәл келіп, көршілердегі геосаяси тұрақсыздыққа байланысты шетелдік компаниялардың Қазақстанға қоныс аударуы еліміз үшін берекелі болады деп үміттенеміз.
Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен келелі кеңесте сыртқы сауданы қайта құру, Еуразиялық өнімді шетелдік нарыққа белсенді шығару, тауарды үшінші елдерге кедергісіз тасымалдау, еркін сауда туралы келісімдерінің желісін кеңейту, экспорттаушыларға жаңа нарықтарға жол ашу сияқты өңірлік және жаһандық өндірісті өркендетуге бағытталған ойларын ортаға салды. Сыртқы нарықтармен орнықты көлік жүйесінің болуы ұзақмерзімді интеграцияны жолға қояды.
Енді бізге отандық бизнестің өрісін кеңейтіп, өндірісті күшейту керек. Ірілі-ұсақты бизнестің барлығы дерлік банктерден жоғары пайызды үстеме ақымен алған несиеге құралған. Олардың көпшілігі банктерге берешегін төлеп, табыстың игілігін толық көре қойған жоқ. Сондықтан Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет отандық бизнесті, тауар өндірушілерді, шаруашылықтарды төмен пайызды несиемен қамтамасыз етсе, жаңа бизнес жобаларға гранттар берсе, бәсекелестік орта қалыптасса даму көрсеткіші де өседі.
Жуықта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды. Жарлық шын мәнінде жүзеге асырылса, экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жедел түрде қысқартуға, экономикалық кеңістікті кәсіпкерліктің үлесін ұлғайтуға қосымша серпін береді.
Уақыт бизнеспен айналысудың тиімділігін көрсетті. Әр қазақ мол нәсіпті кәсіпті болса, Қазақстанның көсегесін көгертеді. Өкінішке қарай, не жерге, не арзан несиеге қолы жетпей, арманда қалған азаматтар жетерлік. Сол сияқты, арба сүйресе де, таксилетсе де өз отбасын асырап, пәтер ақысы мен банкке берешегін төлеп жүрген жандардың да еңбегі еленуі керек.
Президент айтқан мәселелер дер кезінде орындалса, ештеңеден кеш қалмас едік. Бүгін істейтін жұмысты ертеңге ысыру – еріншектің ісі. Сондықтан күшті Президент, ықпалды Парламент, қуатты мемлекет халық үніне құлақ асатын, есеп беретін Үкіметтің іскерлігімен қалыптасатынын ұмытпайық.