Зайсан ауданының тұрғыны сақар сабын жасап, кәсібін кәдеге жаратып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. Сақар сабынды кей өңірде қара сабын деп те атайды. Естуімізше емдік қасиеті де көп көрінеді. Сондықтан болар табиғи өнімге сұраныс та жоғары.
Қайнар ауылының тұрғыны Бибәтима Ыбырайхан 17 жасынан бастап сақар сабын қайнатуды анасынан үйреніпті. Содан бері тура жарты ғасыр өтседе, әжеміздің қолынан шыққан табиғи өнім өзінің құндылығын еш жоғалтпаған. Керісінше химиялық қоспасыз жасалған өнімге сұраныс артқан.
"Бұл біздің ата кәсібіміз десек те болады. Себебі ертеде ата-бабаларымыз осы сабынды жасап, пайдаланған. Әуелде анамнан көріп, үйренген едім. Кейін келін болып түскенде енем айналысты. Бұрындары ауылда аналарымыз көрші-қолаңдарды жинап, екі-үш үй берлесіп жасап, бөлісіп алатын. Оның өзі үлкен береке-бірлік еді", – дейді Бибәтима Ыбырайхан.
Бір ерекшелігі сақар сабынның құрамында ешқандай химиялық қоспа жоқ. Әжеміз емдік сабынның қалай жасалатынын айтып берді. Жасалу жолы тым қарапайым көрінер. Десе де шипалық қасиеті жоғары.
"Бұл 100 пайыз табиғи өнім. Сақар сабыны алабота өсімдігінен жасалады. Оған қойдың майын қосамын. Сабынды әзірлеу оңай шаруа емес. Мысалы, алаботаның емдік қасиеті артып, пісетін уақыты болады. Сол кезде алу керек. Қайнату үшін өсімдікті таза жерге өртеп, күлін аламын. Кейін суға қайнатымыз. Содан шығатын ақ ұнтақ сақар деп аталады. Сақарға сиыр немесе қой майын қосып 1 сағаттай қайнатқан соң қалыпқа салып қатырып қоямыз. Сөйтіп сабын да дайын болады", – дейді әжеміз.
Айтуынша, сақар сабын беттегі безеу, денедегі бөртпе, қышыма, қабынудан болған, аллергиялық бөртудің түрлерін, сәбилердің денесінің бөртуі, қотыр, шаш түсуі, қайызғақ, теміреткі, сүйелді өте жақсы кетіреді екен.
Әжемізге алаботаны отағасы Айдархан Сәдуақас атамыз шауып әкеліп береді. Ақсақалдың сөзінше алабота өсімдігінің түйе алабота, сиыр алабота, қой алабота деген секілді бірнеше түрі бар. Бәрі де сабын қайнатуға жарамды.
Бүгін де Бибәтима Ыбырайхан әжеміздің өніміне сұраныс көп. Тек аудан, облыстан бөлек, өзге аймақтардан да адамдар тапсырыс жиі түседі. Кейіпкеріміз тек тапсырыспен ғана жасайтынын айтты.
Атадан қалған өнерді қасиетіне балаған қос қария ата кәсіпті осылайша қайта жандандырып жатыр. Болашақта ұрпақтарына үйретіп, жұмыс өнімділігін арттыруды мақсат тұтуда.