"Қазақстандық қоғамдық даму институты" КеАҚ Басқарма Төрағасы Нұрбек Матжанидың айтуынша, бұған дейін мұндай зерттеу 2020 жылы жүргізілген, деп жазады inbusiness.kz.
"Зерттеу қорытындысына сәйкес, отбасын қолдау орталықтарының қызметі бойынша респонденттердің 70%-дан астамы олардың қызметтерін пайдаланбағаны, 19,3%-ы бұл орталықтардың бары туралы алғаш рет біліп отырғаны, 7,1%-ы ғана көмекке жүгінгені анықталып отыр. Бұдан басқа Ақтөбе облысы, Алматы қаласының тұрғындары аталмыш орталықтардың қызметінен бейхабар екендігін көрсетті", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Нұрбек Матжанидың сөзінше, бұдан бөлек орта есеппен барлық жастағы адамдардың шамамен 25%-ы азаматтық некеге оң көзқарас танытты.
"30%-дан астамы бейтарап ұстаныммен қарайды. Ал, азаматтық некені 32,8%-ы қолдамайды. Балалармен бірге үнемі уақыт өткізу көрсеткіші әйел адамдарда – 44,5%, ерлерде 25,6% болды. Бала тууды жоспарлау бойынша сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73,5%-ы бала тууды жоспарлау керек деп санаса, 15,2%-ы жоқ деп жауап берді. Ал, 11,3%-ы бұл сұраққа жауап бере алмады", – деді "Қазақстандық қоғамдық даму институты" КеАҚ Басқарма Төрағасы.
Ұлттық баяндамада көрсетілгендей, сауалнамаға қатысқандардың 54,1%-ы әкенің отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз еткен маңызды деген жауап таңдады.
"Бала тәрбиесіндегі әке рөлі екінші орында қалып қойып отыр. Сондай-ақ қоғамда жалғызбасты аналар мен әкелер де бар", - деді спикер.
Оның айтуынша, ерекше және науқас балаларды тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкелер қолдауды қажет етеді.