"Жалақы төмен, тұрғын үй төлемі берілмейді": Азаматтық қорғау саласына кәсіби мамандардың тұрақтамау себебі аталды

416

Арнайы атағы жоқ құтқарушыларға қосымша ақылар мен үстемеақы беру, ал арнаулы атақтары бар азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру ұсынылып отыр. 

"Жалақы төмен, тұрғын үй төлемі берілмейді": Азаматтық қорғау саласына кәсіби мамандардың тұрақтамау себебі аталды Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов Сенатта өткен Парламенттік тыңдауда айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2023-2029 жылдарға арналған туристік саланы дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде министрлік "Туристік қызмет туралы" заңға талап енгізіп жатыр. Министрлік жетуі қиын жерлердің, су, тау мен басқа нысандардың тізбесін және аумақтық органдарға хабар беру тәртібін бекітетін болады. Ведомствоның кинологиялық қызметтері ел аумағында да, елден тыс жерлерде де барлық авариялық-құтқару жұмыстарына қатысады", - деді министр.

Бұл саланы түбегейлі реттеу үшін министрлікке азаматтық қорғау органдарында кинологиялық қызметті ұйымдастыру және дамыту өкілеттіктерін заңнамалық түрде беру ұсынылып отыр.

Бұдан басқа, ТЖМ азаматтық қорғаныс саласына да назар аударып отыр.

"Азаматтық қорғаныс қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында министрлікке орталық және жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындау туралы есептерін ұсыну тәртібі мен мерзімдерін анықтау бойынша өкілеттік беру; Президентке тікелей бағынышты және есеп беретін мемлекеттік органдарға азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындау міндетін беру көзделген", - деп атап өтті ТЖМ басшысы.

Ведомство басшысы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына да тоқталды.

"Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғаудың жеткіліксіздігі, оның ішінде жалақының төмендігі, тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тетігінің болмауы, сауатты да, кәсіби мамандардың жұмысқа келмеуі мен тұрақтамауының негізгі себебі болып отыр. Мемлекет басшысының келісімі бойынша, 2023-2024 жылдарға азаматтық қорғау органдарының лимиті республикалық бюджеттен 28,3 млрд теңге бөлумен 1734 бірлікке ұлғайтылды. Бүгінде, мүдделі мемлекеттік органдармен 2025-2026 жылдары штат санын 1493 бірлік көлемінде кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесі пысықталуда, ол 55 млрд теңгені құрайды", - деді Сырым Шәріпханов.

Мемлекет басшысының құтқарушылардың мәртебесін арттыру және азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды жақсарту тапсырмасын орындау мақсатында:

- мамандарды қызмет бабында ауыстыру және ілгерілету кезінде көтерме жәрдемақы, жауынгерлік іс-қимылдарға жақын жағдайлардағы жұмыс үшін үстемеақы төлеуді;

- бюджет қаражаты есебінен қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен қызметкерлерге шипажайлық-курорттық емдеуді;

- арнайы атақтар берілмеген құтқарушыларға еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар мен үстемеақылар белгілеуді;

- арнаулы атақтары бар азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу