Павлодар қаласының осыдан бес жыл бұрын қабылданған бас жоспары әбден ескірді. Сондықтан облыс орталығы елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа стандарттарға сай келетін жоспардың жобасын әзірледі. Бірақ оның таныстырылымы саяжай иелерінің билікке айтар базынасына ұласты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның басты себебі – жергілікті биліктің кейбір саяжайлардың аумағын мемлекет меншігіне қайтарып, ол жерлерде көпқабатты үйлер, балабақша, мектеп пен емхана сынды әлеуметтік нысандар салуды жоспарлауы. Павлодар қаласының шекарасы өндірістік орындармен, яғни үй салуға болмайтын "қызыл жолақпен", санитарлық аймақпен шектелген. Сондықтан саяжайларды алудан басқа амал жоқ. Ал олар ондаған жылдың арасында тек жазғы уақытта көкөніс, жеміс-жидек салатын бау-бақшаға емес, қысы-жазы тұратын кәдімгі үйлерге айналған. Қаладан пәтер алуға шамасы келмейтін, оның бағасын қалтасы көтермейтін кей тұрғындар паналауға болатын шағын үйлер салып алды. Одан басқа барар жері, басар тауы да жоқ. Бірі керісінше, Ертіс өзенінің жағасындағы саяжайлардың аумағында кезінде рұқсатқағаздармен салынған коттедждерді қымбатқа сатып алды. Енді аядай ғана үйлері барлар да, зәулім сарай салғандар да сол баспаналарын көпқабатты тұрғын үйлерді тұрғызу үшін босатуы керек.
Бірақ саяжайлардағы үйлердің иелері бұған үзілді-кесілді қарсы. Олар алматылық "ГеоДата Плюс" ЖШС басшысы Людмила Кузнецова қоғамдық тыңдау кезінде таныстырмақ болған жобаны көруге де, оны жіті түсінуге де құлық танытқан жоқ. Жергілікті "Достық үйіне" жиналған жұрт тек бір шарт қойды: бас жоспарда саяжайларға "Тұрғын үй аймағы" деген мәртебені беру. Содан басқа қалауымыз жоқ, дейді жиналғандар.
"Адамдар саяжайлардың аумағында еріккен үй салған жоқ. Жағдайы болмаған соң, әйтеуір далада қалмастың күнін кешіп, шама-шарқынша басына пана болар үйлерді тұрғызды. Ондағы тұрғындардың көбінің кішкентай бала-шағасы бар. Бізден осы үйімізді тартып алса, қайда барамыз? Жалғыз баспанамызды бермейміз, оған тиіспеуді сұраймыз", - дейді "Строитель" саяжайының тұрғыны Қуаныш Жүсіпбеков.
"Ертіс" саяжай кооперативінің өкілі Надежда Нестеренко да бұл аудандардағы үйлерді қаз-қалпында қалдыруды сұрады.
"Біздің саяжайдың аумағы шағын ғана, бар-жоғы 22 көше бар. Оның 12-сі орталық суға, 9 көше орталық жылу желісіне, тағы 16 көше электр желісіне қосылған. Бұның барлығын өз күшімізбен жасадық. Енді осыдан айырмаса екен", - дейді ол.
Қаланың бас жоспарын дайындаған "ГеоДата Плюс" ЖШС басшысы Людмила Кузнецоватұрғындардың жанайқайын жақсы түсінетінін айтады. Иә, мәселелердің қордаланып қалғаны рас. Оларды жергілікті билік кезінде шешуі керек еді. Ал қазіргі мәселе – қаланың нақты жоспарын айқындау.
"Біздің басты мақсат – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Соның ішінде аймақтарды тұрғын үйге жататын және жатпайтын аумақтарға бөлу. Ал шағын аудандардың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу – жергілікті биліктің жұмысы", - дейді Людмила Кузнецова.
Алайда алматылық компания бас жоспарда қандай бағыттарды қамтығанын кеңінен түсіндіре алмады. Залға жиналған саяжай өкілдері бұған мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, жоба қоғамдық тыңдаудан өткен жоқ деген байламға келді. Оның тағы да қашан ұйымдастырылатыны әзірше белгісіз. Бір анығы, мұндағы баспана иелерінің жалғыз үйін бергісі жоқ, Жоспардағы "Саяжай учаскесі" деген сөзді "Тұрғын үй аумағы" дегенге ауыстыруды талап етіп отыр. Қала билігі тұрғын үйге, әлеуметтік нысандарға деген сұраныстың жоғары екенін ескеріп, бұл аумақтарда көппәтерлі баспаналар салуға бейілді. Қай тараптың салмағы басым түсері алдағы уақытта анықталады.