Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов үкіметте жасаған баяндамасында макроэкономикамыздың жағымсыз болжамдарымен бөлісті.
"Жыл басынан бері мұнай бағасы - 66%, металдар - 16%, әлемдік биржалық индекстер орташа есеппен 21%-ға төмендеді. Бірінші сәуірдегі жағдай бойынша мұнай бағасының 1 баррелі 22 долларға дейін арзандады. Осыны ескере отырып, сәуір-желтоқсан айларында бір баррель мұнайдың орташа бағасы 20 доллар деңгейінде анықталды. Доллардың есептік бағамы 440 теңге деңгейінде және жылдық инфляция 9-11% аралығында есепке алынды", – деді Руслан Даленов.
Оның сөзінше, бағаның төмендеуі аясында мұнай өндіру бойынша болжам 86 млн тоннаға дейін азайтылған. Бұл тау-кен өнеркәсібі өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету секторларында, оның ішінде сауда саласында мақұлданғаннан төмен көрсеткіштер тіркелу мүмкін.
"Экспорт 16,3 млрд долларға төмендеп, 35,1 млрд долларды, импорт 7,5 млрд долларға төмендеп, 26,6 млрд долларды құрайды. Жалпы ішкі өнім көрсеткіші 0,9%-ға төмендеуі мүмкін. Номиналды жалпы ішкі өнім 69, 7 трлн теңге көлемінде бағаланды. Бұл мақұлданған болжамнан 4,8 трлн теңгеге төмен көрсеткіш", – деді министр.
Қанат Махамбет