Жамбыл облысында жайылым мәселесі шешілмейтін 17 ауыл бар

1026

Бүгінгі таңда жетіспеушілік 56,7 мың гектарды құрап отыр. 

Жамбыл облысында жайылым мәселесі шешілмейтін 17 ауыл бар Фото: Алтынбек Қартабай

Жамбыл облысында қолда бар мал басын жайып бағуға болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы – 3,6 миллион гектар, елді мекендерде – 741 мың, орман қоры жерінде – 1,7 миллион, босалқы жер қорында 942,5 мың гектар жайылым жер бар. Бұл облыс аумағының 58,2 пайызына тиесілі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы облыс бойынша 3,4 миллион төрт түлік тіркелген. Жамбыл облысы әкімдігі жер қатынастары басқармасынан тарапынан тиісті талдау жүргізіліп, жайылымы өзекті 42 ауылдық елді мекеннің жайылым жетіспеушілігін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда жетіспеушілік 56,7 мың гектарды құрап отыр. Жетіспеушілікті шешу мақсатында ауылдық округке босалқы жер қорынан 22,9 мың гектар елді мекендерге қосылып берілуде.

"Жалпы 42 елді мекеннің 25 елді мекенінде жайылым жетіспеушілігі шешімін табатын болады. Сонымен қатар 17 елді мекенде жайылым жетіспеушілігін толығымен шешу мүмкіндігі жоқ. Аталған аудандарда халықтың тығыз орналасуына байланысты және қала маңы аймағына жақын орналасуы, сондай ақ жалпы жерлердің басым көпшілігі егістік жерлер болуынан шешімін таппай отыр. Жетіспеушілік 29,7 мың гектарды құрап отыр.

ҚР "Жайылымдар туралы" Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану Жоспары мен схемасы қайтадан 5 жыл мерзімге бекітілетін болады.

2025-2027 жылдары жаһандық экологиялық қор есебінен Талас және Сарысу аудандарынан пилоттық жоба негізінде 5 мың гектар жайылым жер жақсартылады" – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Тажиков.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы "Әділетті мемлекет. Бір тұтас ұлт. Біркелкі қоғам" атты Жолдауындағы тапсырмасымен "Аманат" партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес пайдаланылмаған және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне 2 жыл 9 айдың қорытындысымен облыс аумағында 495,1 мың гектар жерлер қайтарылыпты.

Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жайылым алқаптары тұрғын халықтың малдарын жаю үшін ауылдық округтерге бекітіліп беріліп жатыр, ал қалған жерлер өңірдің экономикасын дамыту мақсатында конкурс арқылы берілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу