Жамбылда 5 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары оқу жылына дейін аяқталмай қалу қаупі бар

1135

Биыл өңірде 9 мектепке және 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарына 4,3 миллиард теңге қаржы қарастырылған.

Жамбылда 5 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары оқу жылына дейін аяқталмай қалу қаупі бар Фото: otyrar.kz

Жамбыл облысында биыл 9 мектепке және 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өкінішке қарай 5 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталмай қалу қаупі бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. Нақтырақ айтсақ, Қордай ауданында – 1, Меркі ауданында – 2, Шу ауданында 2 мектеп 1 қыркүйек күні оқушыларды қабылдай алмайды. Осы ретте Ербол Шырақпайұлы Меркі ауданында Мыңқазан мен Ақтоған ауылдарындағы мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы бітпей жатқанына тоқталды. Салдарынан оқушылар уақытша мәдениет үйінде білім алатын болады. 

"Өткен аптада орынбасарым Серік Жақсылықұлы ауданға барып, аталған мектептердің оқу жылына дайын еместігін хабарлады. Мердігерлер аудан әкімінің құрылыс басына келмегенін растап отыр. Егер өзіңіз бармасаңыз, неге орынбасарларыңызды жібермейсіз. Жаз бойы не істедіңіздер?", - деген Ербол Қарашөкеев аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлының жұмысын сын тезіне алды.

Ал, Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталатынын айтып, сендірді. Аудан әкімі құрылыс жұмыстары бақылауында екенін жеткізді. 

Бірақ, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов мәдениет үйінде балаларға білім беру санитарлық нормаларға сай келмейтінін жеткізді.

"Оқушыларды мәдениет үйінде оқытуға болмайды. Онда санитарлық нормалар сақталмаған. Оның ішін зерделеп көрдік. Бір бөлмеде бес сынып отырады. Арасын жапқыштармен бөліп қойған. Тіпті білім алуға мүмкіндік жоқ", - деді Серік Сәлемов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу