Жамбылда 93 нысанның құрылысы "қызыл сызықтан" асып кеткен

423

Құрылыс талаптарына қарамай, "қызыл сызықты" бұзған 52 құрылыс нысаны Тараз қаласында бой көтерген.

Жамбылда 93 нысанның құрылысы "қызыл сызықтан" асып кеткен Фото: Inbusiness.kz

Тараз қаласы мен 10 ауданның бекітілген бас жоспарлары бар. Бұзуға болмайтын "қызыл сызықтың" шекаралары да осы құжатта айқын көрсетіледі.

Алайда 93 кәсіпкерлік нысанның құрылысын жүргізу кезінде бұл талаптар сақталмаған.

Аудандарда анықталған бұзушылықтардың сегізі – Жуалыда, жетеуі –Т.Рысқұлов ауданында орын алған. "Қызыл сызықтан" асып кеткен құрылыс нысанының алтауы Байзақта бой көтерген. Тағы төртеуі – Меркіде, бесеуі – Сарысуда, үшеуі – Қордайда салынған. Жамбыл және Таласта да екі-екіден осындай талапқа сай келмейтін объект бар.

"Жалпы 30 бұзушыға қатысты шаралар қабылданып, 35 сауда павильонының құжаттары ресімделді. Бүгінге дейін 28 нысан бойынша Тараз қаласы мен аудандардың әкімдіктері заңнама  талаптары шеңберінде тиісті шаралар қабылдады", - дейді Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев.

Мамандар құрылыс саласында осы және басқа да заң бұзушылықтардың алдын алу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы алдын ала зерделеу қажет екенін айтады.

Айталық, биыл есепті кезеңде келісуге 224 жобалық-сметалық құжаттаманың пакеті ұсынылса, оның 27-сінен бас тартылған. Келісіп-мақұлданған жоба саны – 138. Қайта пысықтау үшін 17 жоба кері қайтарылған.

Барлық жобаларды зерделеу кезінде жалпы оңтайландырылған сома 10,4 миллион теңгені құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу