Жамбыл облысында той мәдениетін көтеру мақсатында еліміздегі алғашқы асабалар одағы құрылды. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бастамасымен құрылған орталық тойды шын мәнінде қазақтың қазынасы болатын, қуанышын паш ететін, елдің рухын көтеретін, көңілін шаттандыратын деңгейге көтеруге атсалыспақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалықтың айтуынша, соңғы кездері ел арасында орын алып жүрген келеңсіз жағдайлар, атап айтқанда жан-жануарларды дастарқан жайылған тойханаға кіргізу, қазақтың ұлттық құндылықтарын келеке етіп – ересек адамды бесікке салу мен таққа отырғызу, қазақы шапанды малға жабу, ит-мысыққа той жасау той мәдениетінің төмендеуіне жеткізіп отыр.
"Той мәдениеті бүгін ғана көтерілген мәселе емес. Бұл айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Қазіргі заманда тойдың берекесі қашты. 60-тан асқан әйелді еркектер ортаға тақпен көтеріп шығып жатыр. Біреулер "шпагатқа" отырса, тағы бірі басқа да ерсі қылық көрсетіп жатады. "Той дегенде қу бас та домалайды" деп қазақ текке айтпаған. Сондықтан тойға кейде үлкендер бала-шағасын ертіп барады. Ал ондағы үлкендер тарапынан жасалған әдепсіздікті көрген баланың санасына салмақ түспей ме? Оның да ертең тойда көргенін көшеде жасамасына кім кепіл? Мұндай сорақы жайттарды айта берсек жетіп артылады. Сондықтан той да тәрбие құралы болуы тиіс. "Осы мәселені қалай реттесек болады?" деген оймен облыстың аузы дуалы ақсақалдары мен жергілікті билік нақты әрекетке көшті. Соның нәтижесінде Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығынан "Әдет-ғұрып және салт-дәстүр" бөлімі ашылды. Бұл бөлім үш бағыттан тұрады. Олар – ақсақалдар институтын қалыптастыру, әжелер әлемі, асабалар одағымен тізе қосып жұмыс істеу. Асаба деген жеке тұлға. Мейрамхана да жеке кәсіпкердің бизнес нысаны. Біз ешкімге ақыл айта алмаймыз, той өткізу тәртібін міндеттей алмаймыз. Бірақ той өткізудің тәртібі мен талабы жайлы әдістемелік нұсқаулық ұсынып, ақыл қоса аламыз. Асабалармен бірге жүйелі жұмыс жүргізу үшін алдымен одақ керек. Біз осы одақты құрдық. Жоғарыда аталған мәселелер оң шешімін табу үшін өңірімізде құрылған асабалар одағы той мәдениетін қалыптастырудың ұйытқысы болады деп есептейміз.
Одақ құрамына той басқаруда талайды тамсандырған, былайша айтқанда сөз ұстаған азаматтар өз еркімен кіреді. Аузы дуалы, сөзі уәлі асабалар "хайп" қуған асабаларды өздері тәртіпке келтіреді", - деді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық.
Ал асабалар одағының төрағасы болып Ринат Нұрақбаев сайланды.