Жамбыл облысында ерекше білім алуды қажет ететін 9 468 бала анықталып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 268 балаға өскен. 9 468 баланың 5 089-ы мектеп жасына дейінгі, 4 379-ы мектеп жасындағы балалар болса, оның 7 120-сы біліммен және тәрбиемен қамтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған ерекше қажеттілігі бар балалар саны – 2 753. Сонымен бірге 77 мектепке дейінгі мекемедегі логопункттерде 2 007 бала инклюзивті тәрбиеленіп жатса, 18 мектепке дейінгі мекемеде 746 бала арнайы топтармен қамтылған.
(Жалпы білім беретін мектептер бойынша ерекше қажеттілігі бар балалар саны – 4 031. Тарқатып айтқанда, 447 мемлекеттік орта мектепте 1 580 бала, жекеменшік 6 мектепте 24 бала инклюзивті біліммен қамтылған. Сол сияқты №1 "Өркен", №2 "Болашақ, №3 "Мейірім", №4 "Үміт" арнайы түзету мектеп-интернаттарында 516 бала тәрбиеленуде. Жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарда 236 оқушы, үй жағдайында 1 572 бала оқытылуда. Жалпы білім беретін 6 мектептегі логопункттерде – 103 оқушы, техникалық және кәсіптік колледждерде 336 студент кәсіптік білім алуда.
Оқумен қамтылмаған 2 348 бала білім алуға жарамсыз болса, 942-сі мектеп жасына дейінгі балалар. Осы балалардың 571-і психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінен, оңалту, аутизм орталықтарынан түзету көмегін алады. Қалған өрендердің 71-і "Үміт" балалар үйі мен №4 арнаулы мектеп-интернатында болса, 1 133-і әлеуметтік қамқоршылықтағы балалар, 202-сі мектеп бітірушілер.
Өңірде ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға білім беру, түзету-оңалту қызметтерін көрсететін 26 арнайы мекеме жұмыс істейді", деген Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Нұрғалиұлы өткен жылдың 10 айының қорытындысымен облыс бойынша 8 167 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілгенін жеткізді.
Былтыр шамамен 447 жалпы білім беретін мектептің 398-інде, 224 мемлекеттік мектепке дейінгі мекеменің 181-інде инклюзивті тәрбие беру үшін жағдай жасалған.
Сондай-ақ облыста ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Жол картасына сәйкес қадамдық жоспар әзірленіп, 2025 жылға дейін Тараз қаласы мен аудандардағы жалпы білім беретін мектептерден ерекше білім беруде қажеттілігі бар балаларды қолдау кабинеттерін, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметі мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланған.