Жамбылдық агрономдар тәжірибе алмасу үшін ОҚО-ға келді

993

Жамбылдық агрономдар тәжірибе алмасу үшін ОҚО-ға келді

Оңтүстік Қазақстан облысына ауыл шаруашылығы бағытында тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл облысынан бір топ делегация келді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Құрамында шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлер, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Нұржігітов және ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен ауыл әкімдері жалпы саны 60-қа жуық адамнан тұратын делегацияны Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұрәлиев  бастап келді. Көрші облыстағы әріптестерін аудан әкімі Қ.Абдуалиев өзінің салаға жауапты орынбасарларымен біре күтіп алып, ауданның жұмысымен таныстырды.

Өңірімізге жасаған жұмыс сапарында жамбылдық топ халқы тығыз қоныстанған Сарыағаш ауданында болып, бірқатар жылыжайлар мен абаттандыру жұмыстарын аралап көріп, танысты. Ең алдымен олар, көшеттерді өсірумен айналысатын "Сарыағаш жер сыйы" шаруа қожалығына барды. Онда олар қысқы улау жұмыстарын, көшет өсіретін тұқымбақты аралап шықты. Жыл басынан бері шаруашылықтағы жұмысшылар 70 мың алма көшеттерін улаған.

Еліміздің шаруашылықтары үшін, жеміс, жүзім көшеттерін дайындаумен айналысатын шаруашылықта 30 гектар алма, 13 гектар жүзім, 15 гектардан астам жеміс көшеттерін өсіретін тұқымбағы бар. Мұнда сонымен қатар, субтропикалық аймақта өсетін анар, құрма, банан көшеттері мен лимон өсіріледі.

"Бүгінгі ресми сапарымыз облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың көрші өңірлерден тәжірибе алмасу  тапсырмасы аясында ұйымдастырылып отыр. Еліміздегі жылыжайды дамыту  саласында көш бастап тұрған Оңтүстік  Қазақстан облысына ауыл шаруашылық саласы мамандарымен шаруа қожалық иелері, ауыл әкімдері және бірқатар кәсіпкерлер келіп отырмыз. Еңбекқор оңтүстік жұртынан  үйренеріміз көп, жұмыс үйлесімді жолға қойылған. Бүгінгі көрген абаттандыру бағытынан да тәжірибе алатын тұстар бар екен", – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары А.Нұрәлиев.

Өзбекстан елімен шекаралас жатқан аймақта 4 кедендік бекет жұмыс атқарады. Осы бекеттердің аумақтарын абаттандыру жұмысымен танысқан жамбылдықтар бұл бағыттада үлгі алатын көптеген жұмыстардың бар екенін атап өтті. Мәселен, қараусыз қалған қыр-сайларға арша, боз арша және шырша сынды көшеттерді отырғызып, көріктендіруге болатынына көз жеткізді. Айта кетейік, аталған осы 4 кеден бекеттен жылына 18-19 млн адам өтеді.

Мұнан соң, жұмысшы топ Қапланбек елді мекеніндегі "Жабай ата" шаруа қожалығында болып, жылыжайдың жұмысымен танысты. 15 гектар жылыжайы бар шаруақожалық тамшылатып суғару әдісін қолданады. Өнімдерін Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік нарығына, 46 пайызын Ресей еліне экспорттайды. Делегаттар осы сынды, озық технологиямен салынған бірқатар жылыжай кешендерінің жұмысын аралап көрді.

Жалпы облыста жылыжайлардың көлемі 1123 гектарға жетіп отыр. Бұл еліміздегі үлесінің 87 пайызын құрайды. Осы жылыжайлар есебінен диқандар биыл 160 мың тонна көкөніс өнімдерін жинады.

Ал, Сарығаш ауданында жылыжайлардың жалпы көлемі 600 гектар шамасында. Бұл облыстағы үлесінің 55 пайызын құрайды. Жылына екі рет өнім алатын диқандар гектарына 100 тонна, яғни жылына 200 тонна өнім алып отыр. Жамбылдық шаруалар өз әріптестерінің аз ғана қаржы жұмсап мол өнім алып отырғанына және өнімді экспортқа шығару жұмысына қызықты.

"Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген мақсатымыз жаңа технологиямен салынған жылыжай жұмысымен танысып, осы тәжірибені өзіміздің облыста қолдану.  Өздеріңіз  білесіздер Сарыағаш ауданы еліміздегі жылыжайлар бойынша 45%-ын құрайды. Жылыжайды дамыту  әлеуметтік жағынан үлкен көмек болады. Мұнда бізді жылына екі рет гектарына 200 тонна өнім алу, экспортқа шығару, сауда саттықты тиімді ұйымдастыру жағы қызықтырып отыр. Осы жағынан көптеп тәжірибеге алуға болады. Жамбыл облысында қазіргі таңда 27 гектар жылыжай бар. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды көздеп отырмыз. Оның ішінде өндірістік жылыжайды дамытуды қолға аламыз. Бүгінгі сапарымыз біз үшін өте  тиімді болды, үйренетін тұстары көп екен", – деді Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Нұржігітов.

Осы сапар барысында олар Қазақстандағы ең үлкен "Аделя" жылыжай кешенімен танысып, облыс әкімі Ж.Түймебаевпен кездесу жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу