Жүргізілген сараптаулардың нәтижесі апаттардың салдары жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардан орын алғанын көрсеткен.
Атап айтсақ, ереже бұзған 900 жүргізушінің 49-ы рөлде отырып телефонмен сөйлескен. Тағы 46 жүргізуші маневрлеу ережелерін бұзған. 80 адам қауіпсіздік белдіктерін тақпаған, ал 12 автомобиль көлік жолдарында апаттық жағдай тудырған, тағы 2-еуі белгілі себептерге байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар тиісті құжаттарсыз көлік құралын басқарған 47 жүргізуші анықталды.
Ал Жуалы ауданының 36 жастағы тұрғыны былтыр желтоқсанда сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырған.
"Аталған дерекке қатысты құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды", – деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі.
Жалпы бір күнде айыппұл тұрағына 25 көлік қойылып, оларды пайдалануға тыйым салынды.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин жол ережесін бұзушылықпен қатар, жол сапасының талапқа сай келмеуі де жол апаттарын жиілетіп отырғанын айтады.
Мәселен, өңірдің автомобиль жолдарына жүргізілген 424 тексерудің қорытындысы бойынша 1771 ақау анықталыпты. Жол сапасына байланысты 33 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұған дейін Арманбек Баймурзин екі айдың ішінде былтырғы кезеңімен салыстырғанда облыста жол-көлік оқиғасының саны 19,9 пайызға жоғарылағанын хабарлаған еді. Ал жол апатынан қаза тапқандардың саны 20,8, жарақат алғандар – 27,5 пайызға артқан.
Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, көлік апаттарының 99 пайызы жүргізушілердің кінәсінан орын алған. Салдары белгілі, ал себебі – көп жағдайда шопырлардың жылдамдықты асырғанынан немесе рульде ұйықтап кеткендігі болып отыр.
Статистикалық көрсеткіштер жылдамдықты сақтамайтын жүргізушілердің жас шамасы 35 жасқа дейінгілер екенін көрсетеді. Мамандар максималды жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 пайызға кеми түсетінін айтады.
Заң бойынша жүргізушінің мас күйінде есірткіге елітіп отырып көлік жүргізсе немесе осындай күйдегі адамға басқаруға беріп, соның салдарынан авариялық ахуал туындаса, қомақты айыппұл салынып, белгілі бір мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылуы тиіс. Мұндай жағдайда Қылмыстық кодекстің 345, 346-баптарына сәйкес 1 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Дерекке сүйенсек, бүгінде Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/2 және ЖД-158/5 мекемелерінде аталған кодекстің дәл осы баптарына сай сот үкімімен кінәлі деп танылған 123 азамат жазасын өтеуде.
Ардақ Үсейінова