Жалпы жауынқұртты көпшілік тек балықшылар ғана пайдаланады деп ойлауы мүмкін. Алайда кәсіптің ерекше түрін дөңгелетіп отырған кәсіпкер жауынқұрттың да жұртшылық біле бермейтін пайдасы өте көп екенін айтады. Айталық, жауынқұртты медицина, ауылшаруашылығы, фармакологияда, косметологиялық өнеркәсіпте де пайдалануға болады.
Берік Мақұлбекұлы калифорниялық гибридті қызыл құрт өсіруді 2021 жылдың көктемінде қолға алыпты. Бастапқыда бір бөлмедей аумаққа 20 жәшік қойып, тәуекел етіп кәсібін бастаған. Ал қазір жауынқұрттарға арналған жәшіктері 1000 шаршы метрдей аумақты алып жатыр.
"Біле-білгенге жауынқұрттың пайдасы өте мол. Әсіресе топырақтың құнарлылығын арттыруда таптырмайтын тәсіл десек те болады. Өйткені жауынқұрттар органикалық қалдықтарды жегендіктен биогумус, яғни биологиялық тыңайтқыш жасап береді. Топыраққа да, өсімдікке де ешқандай зияны жоқ", - дейді кәсіпкер.
Өсіріп отырған калифорниялық гибридті қызыл құрттың бір ерекшелігі – өте жылдам көбейеді. Негізі дамыған елдерде жауынқұрт өсіру аса таңсық емес. Кең таралған десек те болады. Ал елімізде Шымкент қаласында жақсы жолға қойылған. Алайда пайда табу мақсатында өсіретіндер аз. Қазіргі таңда биогумусты пайдаланып, мол өнім алып жатқандар да көп. Мәселен қатты аяздың салдарынан егін үсіп кетті делік. Сол кезде үсік шалған егінге биогумустың сұйық түрін пайдалану арқылы қалпына келтіруге болады. "Био" – "өмір", "тіршілік", ал "гумус" – "топырақ" деген мағынаны білдіреді.
"Ауылшаруашылығы саласының мамандарымен бірге облыстың түкпір-түкпірін аралап, зерттеп, биогумустың аналогы жоқ жер бетіндегі ең құнарлы тыңайтқыш екеніне көзім жетті", – дейді Берік Мақұлбекұлы.
Кәсібін үйінің ауласынан ашқан кәсіпкер құрттарға малдың тезегі мен көкөніс, жеміс-жидектердің қалдығын береді. Сонымен қоректеніп, топырақты биологиялық тыңайтқышқа айналдырып шығарады екен. Жауынқұрт өсірудің шығыны аз, пайдасы көп. 1 шаршы метр жауынқұрттың бағасы 150 мың теңге тұрады. Жауынқұрт өндірген биогумустың 1 литрінің құны – 70 теңге. Биогумус тез құрғап кететіндіктен келімен емес, литрмен есептейді.
"Егер биогумусты егістік алқабына пайдаланса, бірнеше есе мол өнім береді" деген кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.