Жамбылға Өзбекстаннан дәрі әкелінеді

735

Әкімдік республикалық бюджеттен 5 млрд теңге сұрап отыр.

Жамбылға Өзбекстаннан дәрі әкелінеді

Жамбыл облысының әкімдігі COVID-19 індетін жұқтырғандарға жетпей жатқан дәріні Өзбекстаннан алдырмақшы. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев бұл жоспарын Үкімет те мақұлдағанын айтады.

"Қазіргі таңда "СуперФарм" фабрикасы толық қуатымен жұмыс істеп жатыр. Шикізаты жеткілікті. Денсаулық сақтау министрлігімен келістік, бетперделер 80 теңгеден сатылып жатыр. Басқа ұйымдарды да осы фабрика арқылы толық қамтамасыз етеміз. Өңірде ПТР-тест тапсыратын 6 зертхана жұмыс істейді. Ол жетпейді. Денсаулық сақтау басқармасына қосымша зертханалар ашу туралы тапсырма берілген. Өткен мерзімде біз 65 мыңға жуық адамды тестіледік. Ең негізгі міндетіміз – көбірек тұрғынды тестен өткізу", – деген Бердібек Сапарбаев парацетомол тапшылығын оны алмастыратын дәрілерді пайдалану арқылы шешетіндерін жеткізді. 

"Бізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін 486 нысан жұмыс істейді. Бастапқы кезде антибиотиктер мен вирусқа қарсы препараттар жетпеген болатын. Әсіресе парацетомол сияқты дәрілердің орнын алмастырып, қамтамасыз етіп жатырмыз. Әлі де болса "Клексан", "Гепарин", "Фраксипарин" деген дәрілер жетіспейді. Бұл жөнінде, біріншіден, "СК Фармация" компаниясымен, министрлікпен жұмыс істеп жатырмыз. Екіншіден, Ресей, Өзбекстан сияқты көрші мемлекеттермен келісіп, жергілікті бюджеттен 700 млн теңге бөлдік. Оған қосымша 300 млн теңге бөлеміз де, тиісті дәрі-дәрмектерді аламыз. Көрші мемлекеттермен келісім бар, осы аптаның аяғында немесе келесі аптаның басында дәрілер келуі керек. Мемлекет тәртібі бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету орталықтандырылған. "СК-Фармация" компаниясы барлық дәріханаларды дәрімен қамтамасыз етуі керек. Қазір бүкіл әлемге дәрі керек болғандықтан жетпей жатыр. Сондықтан Үкіметпен келісіп, кәсіпкерлер арқылы тікелей көрші мемлекеттерден аламыз. Ауруханаларда да осы аталған перпараттар жетіспейді. Оның орнына басқа дәрілерді беріп жатырмыз", – деді өңір басшысы. 

Бердібек Сапарбаев өңірде дәріні алып сатып, пайда таппақ болған азаматтар базарда қолға түскенін де айтты. Қазір олардың үстінен тергеу жүріп жатқан көрінеді. 

"Естеріңізде болса, екі апта бұрын барлық ауруханалар мен дәріханалардың басшыларын жинап, тапсырма бергенбіз. Өңір бойынша 43 мониторлық топ құрдық. Оған полицияның, денсаулық сақтау департаменттерінің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.  Қиын жағдайдан пайда тапқысы келетіндер бар. Ондай азаматтар "Ауыл Береке" базарында ұсталды. Тергеу жүріп жатыр. Талапты орындамаған кәсіпорындар мен мекемелерге тиісті шара қолданылды. 200-ден астам кәсіпорынның 50-і заң бұзған. Оның ішінде жабылғандары да бар. 1,6 млн теңге айыппұл салынды", – деді ол.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу