Жаңа адамдар мен Дала Қырандары "Адал азамат" мектебін іске қосты

232

Астанада "Жаңа адамдар" және "Дала қырандары" қозғалыстары жас көшбасшылар мен сарапшыларды даярлауға, сондай-ақ Әділет партиясының кадрлық резервін қалыптастыруға арналған "Адал азамат" мектебінің тұсаукесерін өткізді.

Жаңа адамдар мен Дала Қырандары "Адал азамат" мектебін іске қосты Фото: «Жаңа адамдар» қозғалысы

Іс-шараға БАҚ өкілдері, жастар және қоғамдық ұйымдар, спорт федерациялары мен клубтарының өкілдері, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген белсенді жастар қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бағдарламаның негізінде "Мәселе менде" қағидаты жатыр. Бұл ұстаным бойынша адам тәрбие объектісі емес, жеке даму субъектісі ретінде қарастырылады. Мектептің жұмысы меритократия, ашық диалог, жеке жауапкершілік және жасампаз патриотизм қағидаттарына сүйенеді. Бағдарламаға қатысу тегін, ал іріктеу ұйымға мүшелік арқылы емес, үміткердің нақты тәжірибесі мен ынтасына қарай жүргізіледі.

Жаңа адамдар қозғалысының негізін қалаушы Асель Баденова бүгінгі таңда Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық бастамалардан құралған белсенді жастар қауымдастығы қалыптасқанын атап өтті.

"Бүгінде Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық бастамалардың өкілдерінен құралған белсенді жастар қауымдастығы қалыптасты. Ендігі қадам – осы әлеуетті біріктіріп, түрлі саладағы реформаларды жүзеге асыра алатын жас көшбасшыларды даярлау. Сондықтан "Жаңа адамдар" және "Дала қырандары" қозғалыстары жас көшбасшыларды, сарапшыларды және Әділет партиясының кадрлық резервін даярлайтын "Адал азамат" мектебін іске қосады", – деді ол.

"Дала қырандары" қозғалысының үйлестірушісі Мейрболат Тоитов бұл бастама елге жауапты әрі белсенді жастарды даярлауға бағытталғанын айтты.

"Бүгінде Қазақстанға осындай белсенді әрі жауапты жастар қажет. "Дала қырандары" мен "Жаңа адамдар" осыған дейін Әділет партиясының жастар қанатын құру ниеті туралы мәлімдеді. Ал бүгін біз келесі қадамды жүзеге асырамыз. Елдің белсенді жастарын біріктіретін, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін және кадрлық резерв даярлайтын мектепті ашамыз. Сондықтан "Адал азамат" мектебінің ашылуы – осы уақытқа дейін атқарған жұмысымыздың заңды жалғасы. Біздің мақсатымыз — қоғамға нақты пайдасын тигізетін, жауапты әрі тәртіпті көшбасшыларды тәрбиелеу", – дейді ол.

"Жаңа адамдар" қозғалысының баспасөз хатшысы Алпамыс Әбіловтің айтуынша, келесі маңызды шара Алматыда өтетін "Әділетті Қазақстан үшін" атты жастар конвенті болмақ.

"Келесі қадам – Алматыда өтетін Әділетті Қазақстан үшін атты жастар Конвенті болады. Біз еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастар ұйымдарын, азаматтық бастамаларды және белсенді жастарды осы ауқымды алаңға шақырамыз. Егер сіздер жауапкершілік алып, азаматтық жобаларды жүзеге асыруға, ел дамуына үлес қосуға және Әділетті Қазақстанды бірге құруға дайын болсаңыздар, тамыз айында өтетін Конвентте сіздерді күтеміз", – деді ол.

Жоба үйлестірушісі Нұрай Өмірзақованың айтуынша, "Адал азамат" мектебі – "Дала қырандары" мен "Жаңа адамдар" қозғалыстарының соңғы 4 жылда жинақтаған тәжірибесіне негізделген алаң болмақ.

– "Адал азамат" мектебі – "Дала қырандары" мен "Жаңа адамдар" қозғалыстарының соңғы 4 жылда жүзеге асырған жұмыстарының тәжірибесіне негізделген жоба. Осы уақыт ішінде жинаған тәжірибемізді мектеп қатысушыларымен бөлісеміз. Мұнда жас сарапшыларды, жас көшбасшыларды және Әділет партиясының жастар қанатына арналған кадрлық резервті даярлаймыз. Мектептің бірнеше бағыты бар, алайда олардың барлығының өзегінде екі негізгі қағида жатыр – "Мәселе менде" және "Мен өзім". Бұл қағидалар арқылы әр адам өзінің қоғамдағы орнын, жауапкершілігін сезініп, елдегі оң өзгерістерге өзі де ықпал ете алатынын түсінеді, – дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу