Ресми дилерлер жедел штабтың айтқанына көніп демалысқа шықты. Карантин белсенділікті басып онлайн-сатылымға дем берді. Кейбір компаниялар онлайн-кеңес берумен шектелсе, кейбірі төлемді картамен қабылдап су жаңа көлікті есік алдына жеткізуге әзір.
Заңды тұлғалар сәуірдің соңында egov.kz арқылы сауда жүргізуге мүмкіндік алса да (оған дейін egov.kz арқылы тек жеке тұлғалар көлікті басқаның атына аудара алатын) осы күнге дейін 1 122-ақ автомобиль иесін тапты. ҚАБА-ның мәліметі бойынша, 213 жаңа көлік толық рәсімдеуден өтті. Таяуда сатылған көліктердің көбісі маусымда рәсімделеді.
Сәуірде Toyota-ның 224, Lada-ның 172 данасы сатылды. UAZ (127 дана) үздік үштікті түйіндеді. Renault 80 автомобилін өткізген. Hyundai дилері 77 машинасын сатты. Коммерциялық автомобиль сатудан GAZ бен Chevrolet алда келеді — 57 дана.
Мамырда нарық тұрақтанып келеді. Төтенше жағдай режимі алынып, карантин жұмсартылып ХҚКО-лар есігін ашты. Дилерлік орталықтар маусымда сауда жүреді деп болжады. Алайда бағаның өзгеруі түсініксіз...
Жаңа көліктер құны курс айырмасына байланысты. Карантинге дейін шетел валютасына сатып алынып елге әлі жеткізілмеген импорттық көліктер бар. Алайда, сатушылардың тұрақтарында "ескі-жаңа" көліктер толып тұр. Сондықтан, баға "ғарышқа кетеді" деген болжам сенгісіз. Мәселен, Hyundai жақында баға политикасын жұмсақ түрде өзгертпек. Toyota да өнімін қатты қымбаттатпайтынын білдік.
Алдағы бір-екі жылда экономикалық белсенділіктің төмендеуімен қатар жаңа көлікке деген сұраныстың азаюын бақылайтын боламыз. Былтыр жаңа автомобильдер 6.3%-ға қымбаттаған, биыл пайыз көрсеткіші қандай болатыны белгісіз. Бәрін уақыт көрсетеді...
Олжас Оқас