"Бала күнімнен ұстаз болуды армандадым". Жаңа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осылайша білім саласында еңбек ету оның өмірлік ұстанымы болғанын, осы мақсатта аянбай еңбек еткенін жеткізді. Ол өзінің бүгінгі жетістігін әрқашан оқуға құштар болғанымен байланыстырады екен. Тағайындалғанына 8 күн ғана болған су жаңа министр бүгін өзінің жоспарларын жария етті. Тізімінде бірінші орында тұрған балабақша мәселесі.
"Мектепке дейінгі оқу мен тәрбие саласында тәрбиешінің әлеуметтік мәртебесін арттыру, біліктілік пен кәсіби дамудың жаңа нысандарын енгізу арқылы кадрлық әлеуетін күшейту, жалақыны орта есеппен 30 пайызға арттыру, мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті ортада білім алуға мүмкіндік беру мақсатында педагог-көмекші штаттық бірлігін енгізу мақсатындағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз", дейді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Оқулықтардың цифрлық нұсқасы пайда болады
Мектептерді де бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Мәселен, цифрлық сауат, ағылшын тілі пәндерінің сағатын көбейтіп, қағаз кітаптармен бірге қолдану үшін цифрлық оқулықтарды шығару жоспарда бар. Түлектер үшін мектеп аттестатымен қоса колледж дипломын алуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, министр алдағы үш жылда барлық өңірдегі бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтуға уәде етті.
"Бүгінгі күні 2022 жылға дейін ыстық тамақпен 1-4 сыныптарды тегін қамту мәселесі тек 7 аймақта болып келген. 2022 жылы Алматы қаласы қосылып, бүгінгі күні сегіз аймақ. Президенттің тапсырмасына сәйкес, жалпы 3 жылдың ішінде барлық аймақтарда 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамту мәселесі қолға алынып жатыр", дейді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Апаттық және үш ауысымда мектептер мәселесі қашан шешіледі?
Министрліктің нендей жаңалықтары барын түсіндік. Дегенмен, бұрын қолға алынған жұмыстар аяқсыз қала ма деген күдік туады. Мысалы, бүгінде мектеп мәселелерінің ішінде ең өзектісі мектептегі орын тапшылығы мен апаттық жағдайда тұрған білім мекемелерінің жайы.
"Үш ауысымды мектептер мәселесі негізінен Астана қаласында, Алматы облысы, қаласы, Түркістан облысы, Шымкентте көптеп қарастырылған. Осы үш жылдықтың аясында осы мектептер толық шешіледі деп жоспарланып отыр. 0032- Жайлы мектеп аясында 221 мектептің құрылысы басталады.0055-56- 37 апаттық мектеп мәселесі Жайлы мектеп аясында толық шешіледі", дейді ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.
Жетімдер үйі балаларды қолдау орталығы болып қайта құрылады
Кәсіби патронаттық отбасыларға қатысты де шешім шығарылды. Енді оларға жетім балаларды сәби кезінен асырап алу мүмкіндігі беріледі. Министрдің айтуынша, Қазақстанда жетімдер үйі балаларды қолдау орталығы болып қайта құрылады.
Бұған дейін жетімдер алдымен балалар үйінде тіркеліп, содан соң ғана асырап алу мәселесі қаралды. Енді жаңа заң бойынша оларды кәсіби патронаттық отбасыға тікелей беруге болады.