Жаңа оқу жылын бастаудың үш нұсқасы қарастырылуда

2029

Министрлік жақын күндері шешім қабылдайды.  

Жаңа оқу жылын бастаудың үш нұсқасы қарастырылуда

Ғылым және білім министрі Асхат Аймағамбетов министрлік жаңа оқу жылын бастаудың үш нұсқасын қарастырып отырғанын айтты.

"Бірінші нұсқа – қашықтықтан оқыту. Төртінші тоқсандағыдай шалғай жатқан қауіпсіз елдімекендердегі мектептерден басқасы қашықтықтан оқиды. Бұл нұсқа мұғалімдер мен оқушылардың өмірі мен денсаулығына белгілі дәрежеде қауіп төнген кезде жүзеге асады", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов журналистермен болған видеоконференцияда.

Екінші нұсқа – қашықтықтан оқыта отырып, мектепте білім берудің аралас тәсілі.

"Бұл ретте әрине, шектеулер болуы керек. Біріншіден, міндетті түрде дене қызуын өлшеу, санитарлық тазарту, әлеуметтік қашықтықты сақтау. Сабақтар қысқарып, балалар шағын топтарға бөлінеді. Кабинеттік жүйе болмайды және тағы сол сияқты басқа да амалдар қарастырылады. Бұл тәсіл қабылдана қалса, өте қатаң санитарлық нормалар мен талаптар қабылдау қажет. Бірқатар ел қазірдің өзінде осы нұсқаны ұстанып отырғанын білеміз. Кейбіреулері осы тәсілге сүйене отырып мектептерін мамыр айында ашты. Жалпы, бұл нұсқаны пайдаланудың тәжірибесі біршама бар", – деп айтып өтті ол.

Үшінші нұсқа – қатаң санитарлық шектеулерді сақтай отырып, қалыпты режимде оқыту.

"Яғни, балалар қалыпты жағдай кезіндегі тәрізді оқиды. Алайда сабақ арасындағы үзіліске, сыныптағы оқушылар санына шектеулер қойылып, кабинет жүйесі алынып тасталады. Тіпті асханаға бару кестесіне де шектеулер салынады. Бұл амалды да көптеген ел пайдалануда. Егер осы нұсқаны біз де қабылдап жатсақ, қандай ерекшеліктер, шектеулер мен алгоритмдер болатыны жайлы нақты түсінігіміз бар", – деді БҒМ министрі.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, министрлік жақын күндері балалар мен азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне баса мән бере отырып, шешім қабылдайды. Ерекше бір жағдай болып қалмаса, министрлік осы нұсқалардың бірін негізге алмақ. Егер жаңа оқу жылы қашықтықтан оқыту арқылы басталса, жыл бойы солай жалғаса береді деген сөз емес. Министр оқытудың үш нұсқасына да дайын болу керек екенін ерекше айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу