Комитет БАҚ-та жарияланған Жамбыл облысында көпбалалы ата-аналардың мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін жергілікті атқарушы органдар бір балаға 32500 теңгеден бөлетіні туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
"ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік осал отбасылардың әр оқушыға жаппай оқыту қоры арқылы көмек алуы тиіс екенін хабарлайды. Сонымен қатар, бұл сома әрбір мұқтаж адам үшін 37 389 теңгеден төмен болмауы керек. Жергілікті атқарушы органдар көрсетілген көмек сомасын ұлғайта алады, бірақ азайтуға құқығы жоқ. Мектептерді қаржыландыруды, оның ішінде мектеп оқушыларын қолдауды әкімдіктер жүзеге асырады. Осы жылы барлық мұқтаж баланың, ал бұл 440 мыңнан астам бала, әрқайсысына кемінде 37 389 теңге мөлшерінде көмек көрсетіледі", - деп жазылған хабарламада.
Ақпаратта көрсетілгендей, бұрын жалпы оқыту есебінен көмек мөлшері 17 мыңнан 37 мың теңгеге дейін болған. Бүгінде ең төменгі мөлшерден көп қаражат бөлетін жергілікті атқарушы органдар бар екендігі де айтылған.
Комитет осыған дейін мектепке қажетті заттарды сатып алумен әкімдік қызметкерлері айналысқанын жазған болатын. Бірақ ата-аналар тарапынан мектеп формасының сапасы мен оны дұрыс таңдалмағанына қатысты шағымдар түскен.
Осыған дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровпен кездесуге келген Мойынқұм ауданының көпбалалы аналары өздерінің наразылықтарын білдіргенін жазған болатынбыз. Олар жергілікті шенділердің мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға 32500 теңгені тек бір балаға ғана бөлетінін айтқан.