Жаңа уақыт белдеуі: кімге пайда, кімге зиян?

692

Шығыс Қазақстан халқы бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қарсы. 

Жаңа уақыт белдеуі: кімге пайда, кімге зиян? Фото: rbc.ua

Бүгін қоғам белсендісі Алексей Божков премьер-министр Әлихан Смайылов атына арыз жазып, өтемақы төлеуді талап етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Еске салайық, Қазақстан 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшеді. Үкімет бұл қаулыны бекітті. Астана уақытымен жүретін 3 мегаполис пен 12 облыс уақыты енді 1 сағат артқа шегеріліп, елдің батысындағы облыстармен теңеседі. Бұның денсаулыққа әсері қандай? Шығыстағы халықтың алаңдауына шын негіз бар ма?

Қазақстанда қазір екі уақыт белдеуі бар. UTC+5 пен UTC+6. Енді бәрі бір уақытқа көшеді. Бұл өзгеріс, әсіресе, шығыс халқына ауыр тимек. Себебі күн қысқарған сайын олар күн сәулесін аз көреді. Ал, кеңселерде отыратындар мүлде көрмейді. Осылай деп мәлімдеген қоғам белсендісі Алексей Божков жаңа белдеуге көшу аурушаңдыққа әкеліп, стресске түсіреді, дейді. Олай болса Үкімет өтмақы төлесін дейді.

"Біріншіден, біз күн сәулесін көрмей жұмыс істейміз. Денсаулығымыз құрып жатыр. Екіншіден, бала мектептен күн батқанда қайтқанда, онымен үй жұмысын істеп тағы түнге дейін отырамыз. Егер біз жұмыста жасанды жарықтандыруда жұмыс жасасақ, бау-бақшаға қарап үлгермесек, өніміміз бұзылады. Өйткені біз келгенде қараңғы болады. Бұл залалдың құны қандай да бір жолмен анықталу керек. Сондықтан арыз жазып, бір комиссия құруды талап еттім", - дейді қоғам белсендісі, заңгер Алексей Божков.

Алексейдің бұл пікірін биохронолия сарапшысы Болат Нұрхожаев болса абсурд дейді. Айтуынша, Қазақстан бір ғасырға жуық "қате" уақыт белдеуімен өмір сүріп келген. Салдарынан ұйқы қанбай, стресс артқан. Обыр, инфаркт, инсульт, суицид, тіпті, ажырасулар да осының кесірінен көбейген.

"Мысалы, мен түсінер едім басқа бір сағаттық белдеуге көшіріп жатса. Өзінің табиғи белдеулік уақытқа көшірейін жатқанға компенсация төлеу керек, басқа төлеу керек деген абсурд! Себебі кез келген елді мекеннің бойлық координатын 15-ке бөлсеңіз, Өскеменнің де өзінің сағаттық белдеуі 5 екені шығады. Өткенде мен қоғам белсендісі осында бір Данияр деген жігіттің несінен көріп қалдым. "Енді біз не кіші жүздің уақытымен жүреміз ба?" дейді. Сонда біз не сағаттық белдеулерді де жүзге, руға бөлеміз бе? Немесе бір облысты екіге, мына жағын былай, мына жағын бір бөліп тастаймыз ба? Ол масқара жағдай!", - дейді биохронолог Болат Нұрхожаев.

Сағат белдеуін өзгерту туралы алдымен Қостанай халқы бастама көтерген еді. Өйткені, бұл аймақта табиғи уақытпен 1 сағат 46 минут айырмашылық бар. Мамандар сараптамасы бойынша елімізге UTS +5  емес, UTS +4,5 ыңғайлы. Алайда, олар тиімдісін емес, қолайлысын таңдапты.

"Бірақ қазірдің өзінде 1 сағатқа ауыстырғанда мынадай дау шығып жатқанда бір жарым сағатқа ауыстыру қолайсыз болады деп есептедік. Бұл ертең басқа елдерге барғанда да толық сағатқа емес, бір жарым сағатқа ауыстыру да қиын болады деп есептедік. Сондықтан идеалды емес бірақ ең тиімді осы UTS +5-ке ауыстырдық", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Еркін Әбіл.

Ал министрлік жаңа уақыт белдеуіне көшу денсаулыққа ғана емес, ел экономикасына да пайдалы деп сендірді.

"Жалпы, бұның әсері қандай? Ғалымдардың пікірінше, бұл бір белдеу уақыты және жағрапиялық белдеу уақытын жақындату адамның өміріне оң әсерін тигізеді. Тағы бір оң әсері бар  бұл экономика тұрғысынан келсек, мысалы, бұл жаңағы банк жүйесін бір уақытқа келтіру, көрші елдермен шекара қатынасын жақындату, осы мәселелердің бәрі жаңағы көлік мәселесі бар, бір уақытпен бәрі жұмыс істейді. Осының бәрі оң әсерін тигізеді деген ғалымдардың шешімі бар", - дейді ҚР СИМ  Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымов.

Министрліктің мәліметінше, қазір әрбір мемлекеттік орган уақыт белдеуінің ауысуына дайындалып жатыр. Мәселен, Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс операторларына жауап береді. Бұл Теміржол және су көлігі комитетіне де қатысты. Олар билеттерді алдын ала сатқандықтан пойыздар кестесін өзгерту керек. Ал Азаматтық авиация комитеті әр рейсті алдын ала есептеп, дайындалады. Осы тұста тағы бір туындайтын мәселе  қосымша 1 сағатта кететін энергия шығыны. Кегок басшысы Нәби Айтжанов оған дайынбыз дейді.

"Жаңа уақыт белдеуіне көшкенде шамалы қуат шығыны болады. Себебі қосымша сағат қарбалас уақытты қосылады. Бірақ біздің жүйе бұған дайын. Қарбалас уақытта энергия шығыны аздап артады", - дейді  "KEGOC" АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.

29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат түнгі 12-де Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне өтеді. Ұялы байланыс операторларының айтуынша, уақыт белдеуі автоматты түрде ауысады. Бастысы  сматрфоныңызда желі мен интернет қосулы тұру керек. Ал өзгермеген жағдайда өз бетіңізше сағат тілі мен уақыт белдеуін шегере аласыз.

Уақытымыз ауысқанда көршілеріміз Өзбекстан мен Қырғызстанмен уақыт белдеуіміз теңеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу