Мұғалімдер биылдан бастап окладтық жүйеге көшті. Бұл, Сенат депутаты Динар Нөкетаеваның айтуынша, бұрын мұғалім бос уақытын біліктілігін арттыруға арнаса, енді сегіз сағат мектеп қабырғасында өткізуге мәжбүр болады деген сөз.
Депутат мәселені үкімет басшысының атына жолдаған сауалында қозғады, деп жазады inbusiness.kz.
Ол кейінгі уақытта еліміздің білім жүйесінде асығыс шешімдер жиі қабылданатынын айтады.
"Оқу-ағарту министрлігі өз ортасында және ата-аналармен алдын-ала талқылаусыз, егжей-тегжейлі пысықтаусыз кейбір шешімдерді қабылдайды", – деп сынады.
Бұған дейін ол дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің табысы азайғанын айтқан болатын. Сонымен бірге дене шынықтыру сабағында қыздар мен ұлдарды аралас оқыту дұрыс емес деп санайтынын жеткізді.
"Олимпиадалар мен спорт ойындарда аралас команда жоқ. Осыған байланысты дене шынықтыру мұғалімдері президентке жоғарыда аталған шешімді қайта қарауды сұрап, ашық хат жазды. Кәсіподақ та теріс пікір білдірді. Орта және жоғары сыныптағы оқушыларды дене шынықтыру пәнінде топтарға бөлмей, аралас оқыту – ғылыми ортамен, тәуелсіз сарапшылармен талқыланбай, оқу процесіне енгізілген. Ол жерде гендерлік бөлу мәселесіне ғылыми тұрғыда қарау керек", – дейді ол.