Жаңаөзенде мұнайшылар тағы наразылық білдіруде. "Техсервис" компаниясының 200-ге жуық жұмысшысы жалақыларын 65 пайызға көтеруді талап етуде.
Азаматтарға бастапқы кезде басшылық өтініштерін орындаймыз деп уәде берген. Бірақ келісім жасаспаған. Бір аптаға созылған наразылық акциясы жөнінде еңбек ведомствосы да хабардар. Министр Біржан Нұрымбетовтың сөзінше, жұмысшылардың жалақысы 275 мың теңге көлемінде. Дегенмен, қазақстандық және шетелдік жұмысшы арасындағы жалақы теңсіздігі 2 есеге жуықтайды. Сондықтан олардың наразылығы орынды деп отыр.
Жалпы соңғы алты жылда осы сынды 65 ереуіл болған. Соның 90 пайызы Маңғыстау облысында орын алған.
Жалпы, осы секілді жалақы мәселелерін шешуде кәсіподақтар қауқарлы ма? Жұмысшылардың проблемасын шешуде кәсіподақтардың ықпалы бар ма? Бұл тақырыпты студия қонағымен талқылаймыз. Бізбен Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мейірболат Жақыпов байланыста.