Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мейрамханалардың бірінде улы газдан кәмелеттік жасқа толмаған екі даяшы қайтыс болды. Тағы бірі жағдайы ауыр күйде ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы облыстық Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаменті хабарлады.
"Газдан уланудың салдарынан мейрамхананың екі даяшысы қайтыс болды. Бірі 2006 жылы туған оқушы болса, екіншісі 2004 жылы туған колледж студенті. Тағы бір 2003 жылы дүниеге келген азамат ессіз күйде жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазір ол есін жиды. Жағдайы тұрақты. Ертең жалпы бөлмеге ауыстырылады",– деді департаменттен.
Ал облыстық полиция департаменті екі адамның өлімін растады. Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы, 4-тармағы (абайсызда екі немесе одан көп адам өліміне алып келген еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу) негізінде сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде.
"Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда",– деді полициядан.