Жаңаөзенде халық көбейді

3522

Жұмыссыздық пен көші-қон мәселелері күн тәртібінде тұр. 

Жаңаөзенде халық көбейді

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында тұратын адам саны көбейіп барады. Мұның өзі қосымша жұмыс орнын, әлеуметтік инфражүйені қажет еткендіктен тұрғындардың бір бөлігін Ақтау қаласына көшіру, Кендірлі ауылын құру сияқты шаралар қолға алынған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Нақтылай кетсек, былтырғы желтоқсан айында Жаңаөзендегі халық санының күрт өсуіне байланысты Рахат ауылы екіге бөлініп, жаңадан Кендірлі ауылы құрылған болатын. Елдімекеннің көлемі 113 мың га, халық саны 12 мың адам құрайды. 

"Облыс әкімінің қаулысына сәйкес енді бұл ауылға тағы 113 мың гектар жер қосу жоспарланып, жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Схемалық картасы әзірленді. Шекарасын белгілеп жобалау жұмыстары осы жылдың аяғына дейін жүргізіледі",–дейді Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров.

Сондай-ақ, мұнайлы шаһарда демографиялық көрсеткіштер мен көшіп келгендердің көбеюі салдарынан балабақша тапшылығы өткір сезіле бастаған. Қазір 4 753 мектеп жасына дейінгі бала кезегін күтіп тұр екен. Биыл 250 орындық екі балабақша пайдалануға берілген жағдайда балабақшамен қамту үлесі 67,6 пайыздан 70,1 пайызға дейін өспек.

Бұдан бөлек, өңірде жаңаөзендіктерді облыс орталығы көшіру бағдарламасы да жүзеге асуда. 2020 жылы Жаңаөзеннен Ақтау қаласына 150 отбасы көшірілген. Биыл 130 отбасы көшпек. Олардың әлеуметтік осал топтар санатына кіруі есепке алынады. Мақсат Ибағаровтың айтуынша, қазіргі күні Ақтауға көшуге 1596 адам өтініш беріп отыр. Бұл жұмыстарға 1,4 млрд теңге бөлінген. 

Қалада жұмыссыздар санын азайту бойынша да бірқатар жобалар қолға алынған.

Атап айтқанда, "Жұмыс жасаймын" жобасына бюджеттен 204,0 млн.теңге бөлініп, екі жүзден астам адамды жұмыспен қамту үшін  "Строй-Пласт-Ақтау", "Өзен-Қойма", "Өзен машина құрылысы зауыты" және "ЭкоВестЖанаөзен" ЖШС-ларымен келісім-шарттары жасақталуда. Республикалық "Жол картасы" бағдарламасы аясындағы "Алғашқы жұмыс орны" жобасына 3,7 млн.теңге бөлінген. Соңғы мәліметке сәйкес, Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық деңгейі 2,8 пайыз, жұмыссыздар саны 2,2 мың адам құрайды.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу