Жаңаөзенде жылыжайлар өнім беріп жатыр

1012

Келешекте жылыжай кешендерінен "Аграрлық аймақ" құрылмақ.  

Жаңаөзенде жылыжайлар өнім беріп жатыр

Жаңаөзен қаласы мен оған іргелес орналасқан елді мекендерде сегіз кәсіпкер екі гектар аумақты қамтитын жылыжай шаруашылығымен айналысып отыр. Одан бөлек, 0,7 гектарды құрайтын жылыжай да іске қосылған.

"Жылыжайларда қияр, қызанақтар және бір жылыжайда құлпынай жемісі өсірілуде. Биыл жоспар бойынша екі жүз тонна өнім алу күтіліп отыр. Кәсіпкерлеріміз алдағы уақытта шығарылатын өнімдерді жергілікті көтерме саудагерлерге және Ақтау қаласына өткізуді жоспарлауда. Елімізде жылыжай шаурашылығын дамытуға қолдау бар. Мысалы, жаңа үлгіде автоматтандырылған жылыжай үшін оның құрылысына кеткен шығынның 25 пайызы бюджеттен субсидияланады. Мұндай үлгідегі жылыжай Жаңаөзен қаласында жоқ. Алайда, шаруа қожалықтарына ұсыныстар берілуде. Олар өз кезегінде қызығушылық танытып, алдағы уақытта жылыжай санын көбейту барысында жүзеге асыруды жоспарлауда. Осындай жаңа үлгідегі автоматтандырылған жылыжайлар Жаңаөзен қаласында алдағы бес жылда пайда болады", – дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысыдеді Жібек Бекова.

Жылыжай шаруашылығын қолдаудың тағы бір түрі - егінді суаруға кеткен су шығынының 85 пайызын субсидиялау. Мұнда тек суаруға пайдаланатын судың лимиті бекітілген желілерін ғана алу қажет.

"Қазіргі таңда қала және оған іргелес елді мекендерде жылыжай саны көбейіп келеді. Алайда, олардың көбі тұрғылықты үйінің ауласынан немесе кәсіпкерлік мақсатында алынған жерлерде айналысуда. Олар үкімет тарапынан берілетін субсидиядан қапы қалып отыр. Осындай жағдайларды ескере отырып, жергілікті кәсіпкерлерден жылыжай жобасы бойынша көптеген ұсыныстар келуіне байланысты, қала маңынан "Аграрлық аймақ" құрып, жылыжай кешендерін бір жерге шоғырландыру жоспарланып отыр. Ол үшін қазір қала маңынан жер таңдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аграрлық аймақ құрылып, онда жылыжайлар орналасса, жергілікті нарықты толық қамтып өзге аудандар мен облыстарға өнім тасымалдауға қауқарлы болады", – дейді Жібек Бекова.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу