Жаңаөзеннің жанынан жаңа ауыл пайда болды

702

Мұнайшылар қалашығында халық саны артып келеді. 

Жаңаөзеннің жанынан жаңа ауыл пайда болды

Жаңаөзен қаласының халық саны көбейгендіктен Рахат ауылы екіге бөлініп, Кендірлі атты жаңа ауыл құрылатын болды. Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев аймақтық коммуникация орталығында осындай ақпарат айтты.

"Бүгінде Рахат ауылының халық саны – 45 848 адамға жетіп отыр. Жыл басынан бері 2 555 адам қосылған. Кейінгі үші жылдың өзінде өсім айтарлықтай. 2017 жылы – 32 111 адам, 2018 жылы – 38 267 адам, 2019 жылы – 43 293 адам тіркелген. Рахат ауылындағы "Ақсу", "Мерей", "Рахат" шағынаудандары "Рахат" ауылының құрамында қалып, "Жұлдыз" шағынауданы жаңадан құрылатын Кендірлі ауылының құрамына кіреді", – деді Нұрберген Худибаев.

Рахат ауылын екіге бөлуге – мамандардың жетіспеушілігі, халық санының күрт өсуі, коммуналдық қызметтердің уақытылы көрсетілмеуі себеп. Мәселен, 40 мыңнан асатын елді мекенде 18-20 мемлекеттік қызметкер болуы тиіс. Ал ауылда маман жетіспеушілігі байқалады.

"Рахат ауылы бөлінген жағдайда бюджет шығындарының көлемі 771,2 млн теңгеден 898,2 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Ұсынылған бюджет шығындары көлемінің өсу себебі мектепке дейінгі білім беру, тазалық қызметі, көше жарығына қызмет көрсету мен ауылды абаттандыру жұмыстарының ауқымына байланысты болады", – деді Рахат ауылының әкімі Өсербай Табыншаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу