Жаңартылған мазмұнға көшу – педагогтарға жаңа талап қояды

3242

Қазақстан мектептері 2019-2020 оқу жылының І-ші тоқсанын қорытындылады.  

Жаңартылған мазмұнға көшу – педагогтарға жаңа талап қояды

ҚР Білім және ғылым министрлігі мәліметіне сәйкес, жаңа оқу жылында 6 972 білім беру ұйымында 3 252 158 оқушы білім алып, 336 180 педагог жұмыс жасауда. Биылғы оқу жылында мектеп оқушыларының 95,4%-ы білім алудың жаңартылған мазмұнына көшті.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу педагогтарға жаңа талап қоятындығын айтты.

"Жаңартылған білім беру мазмұны ауқымды іс атқаруды талап етеді. Біріншіден, біз 2016 жылы қабылданып, стандарттары бекітілген білім мазмұнын жаңарту негізіндегі жұмысты жалғастырып келе жатырмыз. Екіншіден, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жоғарылату жөніндегі жаңартылған білім беру үрдісін енгізудеміз. Бұл тұрғыдан да, бүгінгі күні екі бағытта жұмыс жасалып жатыр. Ол – жалпы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстық дайындықты жалғастыру және критериалды бағалау жүйесі негізінде тапсырмалар құрастыру курстарын өткізу. Сондай-ақ, осы бағытта жұмыс істейтін мұғалімдердің еңбекақысын 30%-ға көтеру. Осы мәселелер кезең-кезеңмен іске асуда",- деді Шолпан Каринова.

Вице-министр жаңартылған білім беруде оқушылардың білімін бағалау жүйесіне тоқталып өтті.

"Жаңартылған критериалды бағалау жүйесі екі бөлімнен тұрады – қалыптастырушы және сумативті жалпы бағалау. Қалыптастырушы бағалау –оқушының білімін сабақ үстінде бақылау және баланың білімін толықтыру. Әр оқушының қай тақырыпқа байланысты не түсінгенін, не түсінбегенін тексеру. Ал жиынтық бағалау – белгілі бір бөлімдерді бітіргеннен кейінгі және тоқсандық бағалаудан тұрады. Бұл жүйенің ерекшелігі – мұғалім оқушының білімін бағалаған кезде балалар "жаман баға алып қалам" деп қорықпайды. Мұғалімі сабақ айтқан оқушыны жақсы жауап бергені үшін мақтайды немесе білмегенін түсіндіреді",- деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу