Облыста көктемде судың аз жайылуынан, жазда аптап ыстықтан өнім бітік шықпай, егістіктер күйіп кеткен еді. Енді күзгі жиын-терім кезінде жаңбырдың салдарынан аз да болса шыққан өнімді шашпай-төкпей жинап алу ауыртпалық салып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Биылғы кезең ауыл шаруашылығы үшін оңайға тиіп жатқан жоқ. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қиындықтар бірінен соң бірі туындап жатыр. Ала жаздай бір тамшы тамбаса, енді керісінше толассыз жауын өнімді шірітіп жіберетін түрі бар.
Жалпы, бүгінде өңірде жиын-терім жұмысының жартысы аяқталып қалды. Осы жылы егістік көлемі көбейіп, барлығы 1,65 млн гектарды құрағанымен, оның 188 мың гектары күйіп кетті. Салдарынан 167 шаруашылықтағы алқап есептен шығарылды.
Сөйтіп, егін жинау алаңы 1 267,4 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар 895,4 мың гектар, майлы дақылдар 249,5 мың гектар, жем-шөп 89 мың гектар, картоп 24,7 мың гектар, көкөніс және бақша дақылдары 8,8 мың гектар аумақтан жиналады.
Жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, осыған дейін 460 мың гектардан дәнді дақыл алынды. Өнімділік гектарынан 4,5 центнерді құрап отыр. Бұл былтырғыдан екі есеге аз. Сол сияқты 13,6 мың гектардың әрқайсысынан 325 центнер картоп жиналды.
Салыстырмалы түрде қарасақ, өткен жылы Павлодар облысы дәнді дақылдың рекордтық көлемін - 1 млн тоннадан астам өнімді жинаған еді. Сол тұста әр гектар жер 11 центнер өнім берді. Биыл құрғақшылық бен ылғалдылықтың салдарынан мұндай көлем болмайын деп тұр.
"Шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, республикалық бюджеттен басым бағыттарға жалпы сомасы 9,7 млрд теңге қосымша қаражат бөлу туралы мәселе пысықталды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығын қолдауға 4,7 млрд теңге, мал шаруашылығына 3,3 млрд теңге, инвестициялық субсидиялауға 1,7 млрд теңге бөлінді. Облыста кредиттерді төлеу мерзімін ұзарту мәселесін реттеуге қатысты жұмыс тобы құрылды. Жергілікті бюджеттен жем-шөп шығындарының құнын арзандату үшін 2 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның көлемі ірі қара мал басына 7 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін және ұсақ мал үшін 3 мың теңгеден 5 мың теңгеге дейін ұлғайтылды",-дейді басқарманың бас маманы Ерғанат Әубәкір.
Айта кетейік, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауа райынан зардап шеккен шаруаларға қолдау көрсету жөнінде тапсырма берген болатын.