Таеквондодан Қазақстан командасы үздіктерінің бірі Жансель Дениз биылғы маусымды қорытындылап, жаңа жылдағы жоспарларымен бөлісті, деп жазады Olympic.kz.
"Жарақатым толығымен жазылмаса да, 2019 жыл мен үшін жақсы басталды. Әлемдік таеквондодағы жүйе бойынша, Олимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингте үздіктер қатарында болуың керек. Ал жарақат алып, бірқатар жарыстардан сырт қалған кезде рейтингті ұстап тұру қиын. Маусым бойы жарақатым біраз мазаласа да, жылды алғашқы ондықта аяқтадым. Жыл жаман өтті демеймін. Жаттығуымды үзбей, жарақатқа шыдап жүрмін. Алдағы жылы Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін біршама жарыстарға қатысуым керек. Ал жарақаттан соң бабыңа ену оңай емес. Сол себепті, бабыма ену үшін бар жағдайды жасаймын. Іріктеу турнирінде Олимпиадаға жолдама аламын деген үмітім басым. Таеквондода барлық жолдама мәселесі бір күнде шешіледі. Сол күні бабың мен бағың қатар келсе болғаны", – дейді Жансель.