Сол кезде өртті сөндіру жұмыстарымен қатар Туды уақытылы шешу тапсырмасы да берілген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған тапсырманы № 4 өрт сөндіру бөлімінің 3 қызметкері бұлжытпай орындаған.
– Басшылықтан мемлекеттік Туды шешу, оған өрт тигізбеу туралы бұйрық түсті. Бөлімнен бір бөлімше, оның ішінде азаматтық қорғау старшинасы Ержан Туртаев, азаматтық қорғау сержанты Айболат Дәуренбай, өрт сөндіруші Жандос Қазбаев барып, Туды шешіп алып келді. Үш қызметкер батылдығын танытып, төбеге шықты. Біз оны ТЖД бастығына табыстадық. Басшы облыс әкіміне берді. Шешіп алу 10-15 минут уақыт алды, – деді Ақтөбе қаласы ТЖБ № 4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Саламат Нұрқалық.
Оның сөзінше, кеше сағат 20:21-де облыстық әкімдіктің төбесі жанып жатқаны туралы хабарлама түскен. Сағат 20:22-де № 4 өрт сөндіру бөлімінен 3 техника және 12 адам жедел жөнелтілген. Ал сағат 20:26-да кезекші Аманғали Умешов өрт орнына жеткен.
– Облыстық әкімдік болғасын "жерде жоғары рангті шақырту" деп саналады. Жеке құрам дұрыс шешім қабылдап, дұрыс әрекет жасай білгеннің нәтижесінде сол жерден өттің толық таралуына жол бермеді. Барған кезде Елтаңбаның дәл үстіңгі жағы, Тудың асты қатты жанып жатты. Қай жерден басталғанын нақты айта алмаймын. Өйткені, біз барғанда алдыңғы бөлігі, бұрышы, шеті жанып жатты, – деді № 4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы.