Бұған дейін қызылордалық ғалым Жапонияның министрлігі қаржыландыратын жобаның жеңімпазы атанған еді. Ғалымдар Арал теңізі маңынан табылған қыш ыдыстарға зертханалық талдау жүргізуді тамыз айында бастайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Жапонияның ғалымдары бірлесіп Қызылорда облысы аумағында археологиялық қазбаларды жүргізбек.
Халықаралық ғылыми жобаны жапондық әріптестермен ұтып алған Ыслам Құрманиязов – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің археология және этнография орталығының ғылыми қызметері.
Жобаны Жапонияның Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрлігі қаржыландырды. Қаржы Токио қаласындағы Мэйдзи университеті мен Обсиадан және тастарды зерттеу орталығымен бірлесе 2024-2027 жылдарға берілді.
Ғалымдар Арал маңының ежелгі дәуірлер ескеркіштерін табылған жәдігерлерге архео-ботаникалық әдіс арқылы зертханалық талдау (қыш ыдыстарға) зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
"Қазіргі таңда университеттер екі жақты меморандумға қол қоюға дайындық жүргізілуде. Зерттеушілер құрамына қазақстандық және жапондық ғалымдар кіреді. Олардың қатарында Эйко Эндо – философия докторы (PhD), Мэйдзи университеті, Обсиадан және тастарды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, Шинья Шода – философия докторы (PhD), Нара ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі және Қорқыт ата Қызылорда университетінен гуманитарлық ғылымдар магистрі, докторантураның түлегі Ыслам Құрманиязов бар", - деп хабарлайды Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың медиа орталығы.
Тамыз айында жапондық ғалымдардың Сыр өңіріне іс-сапары жоспарланған. Жоба аясында университет базасындағы археологиялық қазбалар кезінде табылған қыш ыдыстарды зерттеп, Қазалы, Арал аумағындағы ескерткіштерді аралайды.
"Жапон ғалымдары қыш ыдыстардағы ас қалдықтарын зерттемек. "Сыр өңірінің Аралдың солтүстік шығыс бөлігінде қола және темір дәуірінде мекендеген тайпалардың, егіншілердің, бақташылар тұрмыста қолданған қыш ыдыстарын зерттейді. Әсіресе тары, бидай секілді дақылдарды қаншалықты деңгейде пайдаланғанын қыш ыдыстардан алынған астық қалдықтарына кешенді зерттеу жүргізеді", - дейді жас ғалым Ыслам Құрманиязов.
Жоба аясында екі ел ғалымдары тәжірибе алмасып, бірлескен жұмыстарды арттырмақ. Сонымен қатар, халықаралық басылымдарға бірнеше ғылыми еңбек жариялау да жоспарланып отыр.