Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп жүрген жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжаттар қабылдау аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"2019 жылдың 12 қарашасы күні сағат 22:00-де жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша онлайн өтінімдер қабылдау аяқталды. Smart Astana порталы арқылы 6304 өтінім қабылданды. Өтінімдерді қабылдау барысында жүйеге виртуалды көмекші қосылды, ол интерфейсте барлық қажетті мәселелер бойынша өтініш білдіргендерге бірден кеңес береді. Құжаттарды толтыру процесінен бөлек 4,5 мыңнан астам онлайн-кеңес көрсетілді", – делінген таратылған мәліметте.
Smart Astana порталы электрондық үкіметпен интеграцияланғанын және жылжымайтын мүліктің болуы/болмауы (2-форма), тіркеу мерзімі, жасы, отбасы жағдайы, балалардың болуы, отбасына тіркеу секілді мәліметтерді автоматты түрде тексереді. Критерийлерге сәйкес келмейтін 1180 өтінімге жүйе арқылы бас тартылды.
"Тұрғын үй комиссиясының отырысы 2019 жылғы 6 желтоқсанда өтеді. Арнайы балдардың нәтижесі бойынша 1050 пәтер беріледі", – деп аталып өткен хабарламада.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 5 қарашадан бастап елордада жұмыс істейтін жастардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер бойынша өтініш қабылданды. Кейіннен елордада жұмыс істейтін жастардан пәтерге өтініш қабылдау мерзімі бір күнге ұзартылды.