Жедел штабқа 32 мыңнан астам өтініш түсті

915

Өтініш иелерінің 86%-ы қаржылық қиындыққа тап болғанын мәлімдеді.

Жедел штабқа 32 мыңнан астам өтініш түсті

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте төтенше жағдай мен карантин кезінде бизнесті қолдау және жұмыс орындарын сақтап қалу бағытында қандай шаралар атқарылып жатқаны жарияланды. "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Үстеміров сөз басын кәсіпкерлерден қанша өтініш келіп түскенінен және палата қалай әрекет еткенінен бастады. 

"Елімізде төтенше жағдай жариялана салысымен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан жедел штаб құрылды. Ол төтенше жағдайдың салдарынан экономиканың түрлі секторларында туындаған мәселелерді анықтап, оны шешу жолдарын қарастырды. Орталық аппарат пен өңірлердегі жедел штабтарға call-орталық арқылы 32 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Кәсіпкерлердің 74%-ы - жұмыспен қамту, 54%-ы  – қызметкерлерді ақысыз еңбек демалысына шығару немесе жұмыс күнін қысқарту, 20%-ы  – еңбек шартын бұзу мәселелелерін көтерді. Өтініш иелерінің 86%-ы  – қаржылық қиындыққа тап болғанын мәлімдеді. 59%-ы  –жалға алу ақысын, 5%-ы  – коммуналдық ақыны, 22 %-ы қызметкерлеріне жалақы төлей алмай жатқанын жеткізді. Палата кәсіпкерлердің өтініштері мен ұсыныстарын мұқият зерделеп, төтенше жағдайдың салдарын жұмсартудың нақты іс-қимыл шараларын қалыптастырды", – деді Ербол Үстеміров.

Оның сөзінше, кәсіпкерлердің 31%-ы  – несие төлеу мерзімін шегеруді, 33%-ы – төтенше жағдайды "форс-мажор" деп қабылдауды, 28%-ы  – салық жеңілдігін жасауды, 8%-ы  – еңбек ресурсына қолдау көрсетуді сұраған. 

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы үкіметпен, орталық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы билікпен  кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету бағытында жұмыс істеп жатыр. Басты мақсат – төтенше жағдай кезінде бизнесті тығырыққа тірелуден сақтау", – деп қорытты сөзін басқарма төрағасының орынбасары. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу