Қазақстан Ұлттық Банкі "Капиталдың контрциклді буфері мен оның модификацияларын қолданудағы кейбір мәселелер туралы" құжатты ашық талқылау үшін жариялады.
"Жаһандық тәуекелдердің күшеюі аясында жеке тұлғаларды кредиттеу сегментіндегі несиелік берешек өсіп келеді. Осыған байланысты ҚҰБ капиталдың контрциклді буферін (бұдан әрі – ККБ) қолдану және енгізу тәсілдерін әзірледі. Ол Банктік қадағалау бойынша Базель комитетінің әдіснамалық ұсынымдарына және өзге де реттеушілердің тәжірибесіне негізделген.
ККБ құралы кредиттік бум кезеңінде банктерге қосымша капитал буферін жинақтауға мүмкіндік береді. Яғни, кредиттік портфельдің немесе оның жеке сегменттерінің шамадан тыс өсуі, бұл көбінесе жүйелік тәуекелдердің қалыптасуына және жинақталуына әкеледі. Құлдырау кезеңінде ККБ-ны кейін босату экономиканы кредиттеудің төмендеу қаупін азайтады", – деп хабарлады ҰБ.
Қазақстандық тәжірибеде ККБ екінші деңгейлі банктер үшін пруденциялық нормативтерде бекітілген. Оны белгілеу туралы шешім кешенді сандық және сапалық талдау негізінде банк секторымен талқылаудан кейін әзірленеді.