Жеке үйлер мен коттедждерді жатақхана етіп қайта жабдықтау үрдісі өсіп отыр – ТЖМ

370

Әсіресе бұл республикалық маңызы бар үш қалада байқалады. 

Жеке үйлер мен коттедждерді жатақхана етіп қайта жабдықтау үрдісі өсіп отыр – ТЖМ Фото: inbusiness.kz

Төтенше жағдайлар министрлігі салалық заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс атқарып келеді. Бұл туралы ведомство басшысы Сырым Шәріпханов Сенатта өткен Парламенттік тыңдауда айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Адами және экономикалық шығынға әкеп соққан соңғы қайғылы оқиғалар (Қостанай және Абай облыстарындағы өрттер, шахталардағы авариялар, Түркиядағы, Ауғанстандағы жойқын жер сілкіністері) кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Министрлік төтенше жағдайлар салдарын жоюды, олардың алдын алуды, сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесінің төтенше жағдайларға ден қою дайындығын арттыруды жүзеге асырып отыр. Тәуекелдерді басқарудың жаңа тәсілін енгізу мақсатында салалық заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді", - деп атап өтті Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.

Оның дерегінше, Үкіметтің 7 функциясы министрлікке, ал министрліктің 1 функциясы жергілікті әкімдіктерге берілген. Бұдан бөлек Әкімшілік реформа аясында "Азаматтық қорғау туралы" заңнан 56 функция алып тасталды, тағы 53-і әзірленген заң жобасы шеңберінде іске асырылмақ.

"Бүгінгі Парламенттік тыңдау заң жобасына енгізілетін түзетулерді бірқатар бағыт бойынша толығымен талқылауға мүмкіндік береді. Біріншіден, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жетілдіру. Объектілерді жобалау және салу кезінде орын алып отырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілері, өрттің туындау қаупін сейілту және оның жағымсыз салдарын азайту мақсатында кешенді шаралар қабылдауды талап етеді. Министрлікке келіп түскен шағымдардың 60 пайызы өрт қауіпсіздігі талаптарын жобалау және құрылыс сатысында бұзылатынын көрсетіп отыр", - деді ол.

Мәселен, "STOP Құрылыс" тобы мүшелерінің бір ғана өтінішінде Алматы қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 11 тұрғын үй кешенінің бар екенін көрсетті, деп жалғастырды ведомство басшысы.

"Алматыдағы 13 адамның өмірін қиған хостелдегі қайғылы оқиға қоғамдық резонанс тудырды. Аталған жағдайларға жеке үйлер мен коттедждерді жатақхана етіп қайта жабдықтау үрдісінің өсуі ықпал етіп отыр, әсіресе бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларында. Мұндай деректердің алдын алу үшін биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар мен адамдар жаппай шоғырланатын нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде министрліктің қатысуын қайтару бойынша норма әзірленді", - деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу