Жеңіл өнеркәсіптің өркендеуін тапшылық тежеп тұр

559

Шымкентте тоқыма кластеріне маман тапшы. Соның салдарынан кейбір кәсіпорындар қазір толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. 

Жеңіл өнеркәсіптің өркендеуін тапшылық тежеп тұр Фото: adyrna.kz

Тігіншілер тапшылығы үлкен көлемдегі тапсырыстарды орындауға да қолбайлау. Жеңіл өнеркәсіптің өркендеуін тежеп отырған мәселеге Мақсұт Жарылқасынұлы үңіліп көрді.  

2019 жылы Қазақ-Өзбек кәсіпкерлерінің бірлесуімен ашылған мына тігін фабрикасы жылына 3 миллиард теңгенің өнімін өндіруге қауқарлы. Бірақ, маман тапшылығынан қазір соның үштен бірін ғана шығарылады. Өнімі сапалы болғандықтан сұраныс көп. Мәселен осы жерде тігілген өнім ішкі нарықтан бөлек, Ресей мен Түркіменстанға экспортталады. 

"Біздің мүмкіндігіміз қазір тігіншілер аз. Егер тігіншілер көп болса жылына 3 миллиард теңгеге дейін пайда алып келе аламыз. Келісім шарт түзе аламыз. Ал қазір 1 миллиард теңге алып отырмыз. Қорқатын ешнәрсесі жоқ. Адам істегенді адам істейді", дейді Тігін фабрикасының директоры Клара Санжарова.

Негізінде тігін фабрикасының жанынан кезінде мақтаны терең өңдейтін кәсіпорын қоса ашылған. Алайда ірі зауыт шикізат және кадр жетіспеушілігінен тоқтап қалған. Енді фабрика жұмысын тұралатпау үшін кәсіпорын қожайындары барын салып бағуда. Ол үшін осындағы мамандар кейде жұмысты артығымен істеуге мәжбүр.

"Жұмыс кестесі қолайлы. Таңғы 8:30 дан кешкі 17:00 ге дейін. Заказдар көп болса бізден қалуымызды сұранады. Тапсырыстарды жіберуіміз керек деп. Қандай заказ болса да біз қабылдап аламыз", дейді Тігінші Зиода Нарметова.

Шымкентте жеңіл өнеркәсіптің өркендеуіне мамандықпен қатар шикізат тапшылығының да әсері көп. Мәселен, арнайы экономикалық аймақта орналасқан отыздан астам орта және ірі кәсіпорын барлығы қажетті шикізатты көрші елдерден тасымалдайды. Өйткені өңірдегі шаруа қожалықтары шитті мақтаны өзімізге емес сыртқа саудалағанды жөн санайды.  

"Қазіргі таңда кәсіпорындар осы шаруа қожалықтарымен бірлесе отырып жұмыс істеп жатыр. Келісім шарттар құрып жатыр. Форвардтық, фьючерстік келісім шарттар құрылды. Енді алдағы уақытта өзекті мәселелер болмайды деп ойлаймыз", дейді Қалалық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов.

Енді өңір билігі осы саланы көрші өзбек елімен бірлесіп жандандыруды жоспарлады. Ол үшін арнайы жол картасы әзірленді. Енді тұралаған кәсіпорындарды қайта іске қосқандар, коммуналдық төлемдерге жеңілдік алып, салықтық міндеттеменің бір бөлігінен босатылады. Бұл жеңілдіктер қаншалықты қолдау болары әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу