Жер комиссиясының төрағасы туыстарына жер берген

867

Бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жүргізген мониторинг кезінде әшкере болды. 

Жер комиссиясының төрағасы туыстарына жер берген

Мониторинг кезінде белгілі болғандай, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына қарасты Жер кадастры басқармасы басшысының орынбасары Т. ауыл шаруашылығы мақсатынағы 95,74 гектар жерді иеленген. Сол сияқты, осы басқарманың бас сарапшы жерге орналастырушысы Д-ның еншісінде 1830,124 гектар осындай жер телімі бар екен. Дәл осы қызметтегі Ж-ның атына 305 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері тіркелген. Басқарманың жетекші сарапшы жерге орналастырушысы Г. болса, 178 гектар жер телімін өз атына жазған. Корпорацияның Тараз қалалық жер кадастры және тіркеу бөлімінің жерге орналастырушы бас маманы А. отбасының мүшелеріне 62,2 сотық жер телімін алып беріпті. Осы бөлімнің жерге орналастырушы бас маманы М. жақындарына 100,52 сотық жер телімін "сыйлаған", деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысындағы қызметкерлері иеліктеріне 13 мың гектардан аса, яғни 300-ден көп жер телімдерін жазып алған.

Тағы да айта кетерлігі, 2018 жылғы 29 наурыз күні аймақтағы Жамбыл ауданы бойынша мемлекеттік жер қорынан жер телімдерін пайдалануға құқық беретін конкурс өткен. Онда 420 гектарға тарта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін 10 жылға пайдалану құқығын комиссия төрағасы – Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары өзінің әйеліне берген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, комиссия төрағасы – Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары 2006-2018 жылдар аралығында туған-туыстарына 1366,5 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беріпті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық филиалының төрағасы Равиль Төлебаевтың сөзіне қарағанда, жоғарыдағы деректер бойынша жер инспекциясы мен жер қатынастары бөлімдерінің мамандары сотқа жүгінуде. Алдағы уақытта заңсыз тіркелген жер телімдері мемлекеттің меншігіне қайтарылатын болады.

"Жерін алып, кәдеге жарату үстінде" деген көзбояушылыққа баратындар онда тас, құм төгіп, шарбақпен әйтеуір қоршап қоятын көрінеді. Қазіргі таңда Жамбыл облысы аумағында 150-ден аса жер телімдері пайдаланусыз, босқа жатыр. Құзырлы ведомстволар олардың кейбіреуін сотқа берген, шама-шарықтарынша жұмыс істеуде. Алайда, заңымыздың солқылдақтығынан, біреулер айласын асырып кетеді. Сол себептен Жер туралы Заңға өзгеріс, толықтыру енгізу керек", – дейді Р.Төлебаев

Әсел Мұратбекқызы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу