Жер-су атаулары мен аты-жөнді латынша жазу ережелері әзірленеді

3864

Жаңа әліпбиге қатысты семинарлар сериясы өтті.

Жер-су атаулары мен аты-жөнді латынша жазу ережелері әзірленеді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды "Жастар жылы" деп жариялағаны белгілі. Осы игілікті істің аясында Тұңғыш Президент күніне орай Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы "Латын графикасына көшіру үдерісіндегі жастардың рөлі" тақырыбында семинар-кеңес өткізді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қазақ тілін ұлтаралық қатыныс тілі ретінде қалыптастыру жайында айтқан болатын. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру. Кеңес барысында латын негізді әліпбиге өту үдерісіндегі жастардың алатын орны мен атқаратын рөлін анықтап-пысықтау, жастарға артылатын міндеттерді белгілеу, әрі насихаттау мәселелері кеңінен талқыланды. 

Кеңес барысында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова латын жазуы қазақ тілінің дамуына жол ашатынын айтты.

"Шет тілінен келетін атау-терминнің бәрі де орыс тілі арқылы кіріп отыр. Оның себебі де сол орыс тілі қолданып отырған кирил қарпін біздің де қолданып отырғанымыздан және пост-советтік кеңістікте орыс тіліндегі ақпарат шеңгелінде болғанымыздан. Егер біз кирилл жазуында реформа жасайтын болсақ, мысалы "культура" деген сөзді өзгертіп "күлтүр" немесе "култур" деп жазар болсақ оны қабылдай алмайсыздар. Себебі, бұның кирилл жазуында образы қабылданбайды. Ал латын жазуын қолдансақ біздің тілдің өзіндік иммунитеті оянар еді, дамуына жол ашылар еді",– деп ой түйіндеді ол.

Семинар-кеңесте жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігін арттыратын реформа ретіндегі жаңа әліпбиге көшу, осыған қатысты атқарылған шаралардың қорытындысы, алдағы міндеттер, жұртшылық арасында осы реформаға қатысты жүзеге асырылған жұмыс нәтижелері сөз болады. 

Сондай-ақ, "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығында  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан  Мелдешовтың қатысуымен "Атаулардың тілдік мәні және ұлттық мазмұны" атты республикалық семинар өтті. 

Бұл семинарда еліміздің азаматтарының аты-жөні және географиялық атауларының латын графикасы негізінде жазылу ережелерін даярлаушы ғалымдар баяндама әзірлеп, ережелерге жасалған сарапшылардың қорытындылары таныстырылды.

Назарбаев Университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекова ономастикалық кеңістіктің ұлттық мазмұны мен графикалық трансформациясына тоқталды: "Осы уақытқа дейінгі қалыптасқан атау дәстүрлерінің жұтылып кетпеуін негізге ала отырып, әлемдік деңгейде орын алатындай бағыт ұстауымыз қажет. Сондықтан да, ұсынылып отырған ережелер тұтынушылардың қажеттілігін толық қанағаттандыруы үшін ономастика саласындағы ғалымдар бірлесе отырып құрастыруы керек", – деді ғалым.

Жазира Ағабекова топонимдер, антропонимдер, номенклатуралық атаулардың ережесін, сондай-ақ эгзонимдерді бір топтастырып, электронды қосымшасын жасауды ұсынды.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Көші-қон процесін мониторингілеу басқармасының басшысы Дастан  Айтқұлов шетелден көшіп келушілердің құжаттарындағы кісі есімдерін жазу барысында кездесетін қиыншылықтарға тоқталса, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Әділет департаменті АХАТ және апостильдеуді қамтамасыз ету, бақылау бөлімінің басшысы Раушан Зарирова азаматтардың аты-жөнін жазуда кездесетін жалпы проблемаларды санамалап беріп, сол мәселелерді ереже аясында шешу жолдарын ұсынды.
Семинарға қатысушы мамандар тарапынан айтылған ұсыныстар мен уәжді пікірлер жарыссөз барысында талқыланды.

Семинар қорытындысы бойынша жобалар қайта қаралып, мүдделі мекемелерге жіберу көзделген.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу