Бұл туралы Жезқазғанда өткен "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын түсіндіру акциясы кезінде мәлім болды.
Бірқатар ірі банктің қатысуымен өткен шарада республика бойынша несиелендірілген стартаптардың 80%-ға жуығы қайтарылмайтындығы айтылды. Банк өкілдері болашағы бұлыңғыр деп таныған жобаларды қаржыландыруға ниетті емес екенін жеткізді.
Жиын барысында "Халық банктің" Жезқазған филиалы басшысының орынбасары Қазбек Сыртанбеков "Стартаптардың тәуекелі тым жоғары және несиелерді қайтару төмен болғандықтан, мұндай жобаларды қаржыландыруды тоқтатылды", - деп мәлімдеді.
"Қазком", "ЦентрКредит Банк", "Халық Банк" өкілдеріне кәсіпкерлердің сұрағы да көп болды. Мәселенің барлығы тиісті курстарын оқып, кеңестерін алған кәсіпкерлер өз істерін ашуға несие алу үшін банктерге барған кезде басталады екен. Керекті құжаттарды айлап, кейде жылдап жинайтын кездер болады. Осыншама шабылыстың арты көп жағдайда несиені растамаумен аяқталады екен.
Әркімнің себебі әртүрлі. Мысалы кәсібін енді бастаған Алмагүл Амандықова стоматалогиялық орталық ашқысы келген және жобаға 20 млн теңге сұраған. Жобаның тиімділігін дәлелдеп шыққанына қарамастан Алмагүлдің қолына "тиімсіз бизнес көзі" деген негіздегі банк шешімі тиген.
Тағы бір жас кәсіпкер Жәнібек Майлин азық-түлік дүкенін ашқысы келеді. Ғимарат алып, істі бастау үшін 10 млн теңге сұраған. Кепілдікке 2 пәтер қойып отырғанына қарамастан оған "кепіл жоқ, бизнес жоба тиімсіз" деген жауап алған.
Ал, Абылай Тікбасов жүк тасымалдау қызметін бастағысы келеді, 2 КамАЗ көлігін алу үшін 20 млн теңге қажет. Бірақ бұл кәсіпкерге де несие берілмеді, себеп – "бұл салада тәжірибесі жоқ, бизнес тиімсіз"
Бұндай мысалдар жетіп артылады. Жезқазғандық кәсіпкерлер бизнеске берілетін несиелердің шарттары жеңілдетілуі тиіс деп санайды. Елбасының биылғы жолдауында бизнесті дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Екінші деңгейлі банктердің жағдайы алаңдатып отыр.