Жиырма елдің өкілдері пандемияға қарсы цифрлық шешімдерді талқылады

708

Елордада өткен мемлекеттік қызмет хабы сессиясына Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы өкілдері де қатысты.  

Жиырма елдің өкілдері пандемияға қарсы цифрлық шешімдерді талқылады

Әзірбайжан, Израиль, Қазақстан, Эстония және ЭЫДҰ сарапшылары мен практиктері пандемия жағдайында мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған сандық шешімдерді ұсынды. Осы орайда Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов әлеуметтік қашықтық және қашықтықтан жұмыс істеу заманауи ақпараттық технологияларды қолдануды жылдамдатқанын айтады.

"Соvid-19 пандемиясы, сонымен бірге, сенімнің әлеуметтік құндылық қана емес, тиімді әкімшілік капитал ретінде де маңыздылығын кезекті мәрте көрсетті. Сондықтан инновациялық технологиялардың ашық және таза шешімдер қабылдауға жағдай жасауы, асыра пайдаланушылықты болдырмау, сол арқылы азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз етуі маңызды", – деді спикер.

Сондай-ақ, ол заманауи технологияларды қолдану ғана емес, жаңа жағдайда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерін қамтитын тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Ал Әзірбайжан Электрондық үкіметін дамыту орталығы директоры Фариз Джафар азаматтарды жақын маңдағы ықтимал COVID-19 тасымалдаушылары туралы ескертетін мобильді e-Tabib қосымшасы және "e-mask" респираторы сияқты инновациялық шешімдермен таныстырды.

Ол карантин жағдайында азаматтардың қозғалысын онлайн тіркейтін жүйеге толығырақ тоқталды.

Эстония электронды басқару академиясы директорының орынбасары Ханнес Асток өз сөзінде жаңа жағдайларда көптеген мемлекеттік қызметтер оңтайландырылғанын атап өтті.

Күн сайын 1,1 миллионнан астам сандық аутентификация мен қол қою үкіметтік, коммерциялық және жеке операцияларда қолданылады.

Сонымен қатар, "Шекарасыз инновациялар" ұйымының (IWB, Израиль) негізін қалаушысы және басқарушы директоры Бенни Шлик Қазақстанның Израильдегі Елшілігі қолдауымен сессияға қатысты.

Ол 2019 жылы Израиль үкіметі әр түрлі саладағы инновациялық шешімдерді әзірлеу және зерттеу үшін 480 миллион АҚШ доллары көлемінде 1650 жобаны инвестициялағанын атап өтті. Ол COVID-19 цифрлы трансформацияны жылдамдатқанын, бұл мемлекеттік жүйені қайта құрып, идеяларды ілгерлетуде жаңа мүмкіндіктерді көруге жол ашқанын жеткізді.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу