"Жол бар да, жағдай жоқ": Неге әкімдіктер туризмді дамытуға қауқарсыз?!

343

Бүгін туризм саласының қазанында қайнап жүргендердің төбесі көкке жетті. 

"Жол бар да, жағдай жоқ": Неге әкімдіктер туризмді дамытуға қауқарсыз?! Фото: Алмас Маратұлының жеке мұрағаты

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қатонқарағай, Зайсан мен Кендірліде әуежай салынатынын хабарлады.

Алайда үкімет бет бұрғанымен, ондай ынта-жігерді облыс, қала әкімдерінен көрмей отырмыз, деп мәлімдеді Limon Тravel компаниясының директоры Алмас Маратұлы inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында.

Сарапшы кейінгі кездері үкімет туризмге қарай бет бұрғанын, билік басындағылардың қызығушылығының артқанын байқағанын айтады.

"Өздеріңіз білетіндей, 13 маусым күні Президент Ақордада барлық ведомство өкілдері мен облыс әкімдерінің қатысуымен туризм саласына қатысты үлкен жиын өткізді. Ел туризмі тарихында алғаш Мемлекет басшысы төрағалығымен өткен басқосу болды десек артық айтпаған болармыз. Демек үкіметтің күн тәртібінде туризм алдыңғы орындарға шығып, билік басындағылардың назары ауды деген сөз. Бұрын біздің сала маңыздылығы жағынан соңғы орындарда еді, қазір жиі айтылатын, жиі көтерілетін өзекті мәселеге айналды", – деді Алмас Маратұлы.

Алайда үкімет бет бұрғанымен, ондай ынта-жігерді облыс, қала әкімдерінен көрмей отырмыз.

"Әсіре, негізгі пайда көзі өндіріс пен бизнеске байланған аймақтар басшыларының туризмге деген көзқарасы әлі де болса көңіл көншітпейді. Алайда саланың даму тірегі – сол әкімдіктер. Өйткені туристік инфрақұрылымды жасайтын күш – атқарушы билік: жер мен ресурс солардың қолында. Онымен қоса инвесторларды тарту да әкімдік құзыретінде. Туризм дамуының әкімдіктермен етене байланысы Президент өз жолдауында атап өткен аймақтарды мысалға алсақ та айнадайын көрінеді", – деді спикер.

Мәселен Президент бүгін Балқаш пен Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылғанын атап өтті, алайда, сарапшының айтуынша, мәселе тек жету жолында ғана емес, ондағы инфрақұрылымның жоқтығында.

"Алакөл мен Балқашта ұшу-қону жолақтары жаңартылғаны рас және бұл ондағы туризмнің көркеюіне жасалған нық қадам, алайда жол бар да, жағдай жоқ: кәріз жүйесі, жарық пен су мәселелері әлі толық шешілмеді, әрине, әкімдіктер жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр дейді, алайда оның қашан нақты нәтиже беретіні белгісіз. Сондықтан Мемлекет басшысының сөзін "Алакөл мен Балқашта еш мәселе жоқ" деп түсінуден алшақ болуымыз керек. Оған қоса, жол бойындағы қызмет көрсету сапасы нашар, Балқашқа барар жолдың жағдайы Астана-Алматы тас жолы толығымен төселіп болғаннан кейін түзелетін шығар, бірақ Алакөлдегі туристік маусымның қысқа болуымен байланысты, кәсіпкерлер жол бойында қызмет көрсету орындарын ашуға онша қызығушылық танытпай отыр. Екі-ақ айға созылатын маусым құрылыс пен орналасуға кеткен шығынды ақтамайды, сондықтан осы жағын да назарға алған жөн", – деп түсіндірді сарапшы.

Туризмге жеті жылдан артық өмірін арнаған Алмас Маратұлы бүгінгі Жолдаудың басты жаңалығы ретінде Қазақстанның жауһары Қатонқарағайда әуежай бой көтеретінін ерекше атап өтті.

"Өйткені жолдың нашар болуы себебінен бұл бағыттағы тур пакеттер бағасы қалта көтермейді. Ол жаққа тек жол талғамайтын көліктер ғана жүре алады, яғни турист үшін қосымша шығын. Жалпы турпакет бағасы бірінші кезекте логистикаға тәуелді. Сондықтан жаңа әуе бағыты жаңа турлар ұйымдастыруға, қымбатшылықты еңсеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын", – деді спикер.

Біздегі туристік әлеуеті жоғары, кейінгі кезде дамуы қарқын алған Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы да Президент назарынан тыс қалмады.

"Кендірліде ұшу-қону жолағы ашылса, жергілікті туризмге айрықша серпін бермек, өйткені бұл аймақта, Алакөл мен Зайсанға қарағанда, туристік маусым (мамыр-қыркүйек) анағұрлым ұзағырақ. Ол аз десеңіз, маусым талғамайтын киелі жерлер мен Бозжыра сынды көз тартарлық туристік орындар жетерлік. Мұнда әуежай салынса, бизнес те қарап қалмайды: ірі демалыс орындары, 4 не 5 жұлдызды қонақүйлер салынады, жағажай туризмі дамиды.

Зайсанға келер болсақ, шыны керек, осы уақытқа дейін біз бұл бағытты негізгі туристік маршрут ретінде білмейтінбіз. Алайда үкімет ол жерді де қолға аламыз деп жатса, құба-құп. Инфрақұрылым жолға қойылса, туристік операторлар оны да өздерінің туристік өнімдеріне кіргізері сөзсіз. Бірінші кезекте – инфрақұрылым, кейін – турөнім", – деп қорытындылады сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу