Жоспарланған жұмыс орындарының басым бөлігі тұрақты емес

1005

"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аяқталған соң тұрақты жұмыспен тек қана 13 мың адам қамтылатыны анықталып отыр.

Жоспарланған жұмыс орындарының басым бөлігі тұрақты емес

Бірқатар облыста өте аз тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
Бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысына облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс арқылы қатысты. Отырыс барысында Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше тоқталды. 

"Халықты еңбекке тарту үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы қабылданды. Вирустан кейінгі кезеңде бағдарлама аясында шамамен 240 мың жұмыс орны ашылады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бұрын-соңды бөлінбеген қаражат бөлінді. Бұл қаражаттың құмға сіңгендей болып кетпеуі аса маңызды. Сол себепті Үкімет пен әкімдер осыған қазақстандық кадрларды, отандық құрылыс компанияларын және құрылыс материалдарын өндірушілерді тартуға міндетті", – деді Президент.

Мемлекет басшысы жоспарланған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша екенін ескертіп, алдағы уақытта халықты ауқымды әрі сапалы жұмыспен қамту қажеттігін айтты.

"Сонымен қатар, менің қолымдағы талдаулар жоспарланған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша екенін көрсетеді. Бағдарлама аяқталған соң тек қана 13 мың адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бірқатар облыста бағдарлама нәтижесінде өте аз тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Жұмыспен қамтудың екі түрі арасындағы тепе-теңдік сақталуы қажет. Әрине дағдарыс кезінде уақытша еңбек ету де маңызды, бірақ келешекте халықты ауқымды әрі сапалы жұмыспен қамтуды ойлану керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу