Жүк вагондарын шығаратын зауыт іске қосылды

267

Атырау облысында жүк вагондары құрастырыла бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жүк вагондарын шығаратын зауыт іске қосылды Фото: Атырау облысының әкімдігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаевтың айтуына қарағанда, соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібінің орташа өсу қарқыны 4,5%-ды құраған. Оның ішінде машина жасау саласындағы өсім – 17,6%.

Ал, Атырау облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің дерегіне қарағанда, мұнайлы өңірде шетелдіктермен бірлескен 1 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Машина жасау саласында 150 ірі, орта және шағын бизнес нысаны бар.

"Аймақта мұнай-химия өнімдерін өңдеу бағытында іске асырылып жатқан ірі жобалар бар. Енді машина жасау өндірісіне назар аударылып отыр. Бұл инвестициялық жобаның өңір үшін маңызы зор. Біріншіден, "Теңіз" кен орнындағы келешек кеңею жобасының аяқталуына байланысты босаған жұмысшыларды жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешуге септігін тигізеді. Екіншіден, экспортқа бағытталған өнімдердің өсіміне ықпал етеді. Үшіншіден, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді", – дейді Марат Мурзиев.

Әкім орынбасарының айтуынша, жаңа зауытта жобаға сәйкес 6 мың вагон құрастыру жоспарланған. Инвестициялық жобаның қуаты біртіндеп артқан кезде 2 700 жұмыс орны құрылады. 

"Жаңа зауытта ұста, дәнекерлеуші, бұрғылаушы, тойтарушы секілді сан түрлі бейіндегі мамандарға сұраныс артады. Мұнда вагон мен цистерна шығару, жөндеу, техникалық қызмет көрсетуге арналған барлық инфрақұрылымды қамтитын вагон жасау кластері құрылады. Вагон құрастыруға неміс станоктары мен елімізде өндірілген материалдар қолданылады. Ал өндірістік өнімдер Еуропа және Балтық елдеріне экспортталады", – деп мәлім етті Марат Мурзиев.

Зауытты іске қосқан "Texol" компаниялар тобының басшысы Шота Авхазованың мәліметінше, алдағы 10 жылда елдегі жүк вагоны паркіндегі жүк вагондары жыл сайын 54 мыңға қысқарады. 

"Теміржол вагондары да тозады. Орталық Азиядағы жүк базасының өсу әлеуетін ескеріп, ескі вагондарды жаңасына алмастырып, паркті жаңартуды көздедік. Өйткені вагон паркіне сұраныс артатыны даусыз", – дейді Шота Авхазова.

Компания басшысының дерегінше, жаңа өндіріс орнында осьтік жүктемесі 23,5 мың тоннаны көтеретін жартылай вагондар мен платформаларды құрастыру көзделген. Сондай-ақ жүк вагонын, мұнай өнімін, сұйытылған газды және өнеркәсіптік жүктерді тасымалдауға арналған цистерна құрастырылады Зауыт толық қуатына 2027 жылы көшеді.

Қазір зауыттың аумағы 17 мың шаршы метр. Алдағы 4 жылда өндірістік алаң 62 мың шаршы метрге дейін кеңейеді. Бірнеше цехта вагон құрастыруға қажетті сан алуан компонент жинақталады. Мұнда орташа және кіші сыйымдылық пен салмақтағы вагондарды құю желісі іске қосылған.

"Зауытта жаңа үлгілерді өндіріске енгізу қолға алынып отыр. Қазір 25 мың арба мен 13-6741 үлгісіндегі артикуляцияланған фитинг платформасының моделін енгізу әзірленіп жатыр. Алда сұйытылған көмірсутекті газды тасымалдауға арналған цистерналар шығарыла бастайды. Вагон құрастыруға қажетті металл конструкциялары Қарағандыдан, мойынтіректер Степногордан, доңғалақты жұптарға арналған дискілер мен осьтер Екібастұздан әкелінеді", – деді Шота Авхазова. 

Зауытта 70-тен астам маман жұмысқа тартылған. Жыл соңына дейін жұмысшылар санын 180-ге жеткізу көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу