Бір ғана Қазақстанда Ежовтың бұйрығы 1937 жылы 25 мың жанның өмірін қиды. Бұдан бөлек қуғын-сүргінге ұшыраған 125 мың адамның қиын тағдыры тағы бар. Алғашқы лекте атылғандардың бірі қазақ театрының тұңғыш режиссері – Жұмат Шанин.
Әзілдеп күлгендер, аяқтан шалғандарға қарамастан, арманына жетті. 1926 жылы ашылған алғаш қазақ театрына басшылық етіп, тарихта қалды.
"Екінші бір қыры - ағартушылық. Ағартушылық қыры деген кезде Оралы бар, Семейі бар, Қарағанды бүкіл жердегі театрлардың басшылығының басы-қасында Жұмат Шанин тұрды. Оны былай қойған кезде көрші Қырғызстандағы қырғыздың ең алғашқы кәсіби театрының негізін қалаған, алғашқы қойылым қойып, кәсіби актерларды дайындаған да Жұмат Шанин", - деп еске алды Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.
Жұмат Шанин – қазақтың ән-күйін, ұлттық билерін қойылымдарға қосып, музыкалық театр тарихына түрен салғандардың бірі. Әр еңбегінде өз елін ұлықтауға барын салған. Сонысы үшін де алғашқылардың бірі болып қызыл террор жендеттерінің нысанасына ілікті.
"Өлкелік прокуратураның сол кездегі қаулысына сәйкес ең бірінші халыққа қатты ықпал ететін, халықты соңынан ертіп кете алатын, сөзі өтімді адамдарды ұстаған. Соларды бірінші атып тастаймыз деген. Жұмат Шанинді сол кезде спектакльдерімен жақсы көрді. Ол қазақтың рухын көтерді. Ішкі істердің тыңшыларының бәрі "феодализмді насихаттау, қазақтың рухын көтеретін ескі нәрсені" - деген сияқты айыптаулармен", - дейді жазушы, тарихшы Момбек Әбдәкімұлы.
Қазақ театрының негізін қалаушы тұлға 1938 жылы "халық жауы" деген айыппан атылып, 1958 жылы ақталды. Ал 1972 жылы Шымкент қаласындағы театрға Жұмат Шаниннің аты берілді. Ұлы режиссердің еңбегін зерттеушілер мен ұрпақтары "фильм түсіріп, дара тұлғаны дәріптеу керек" - деп отыр.