Жұртқа қажет көпір әкімдікке қажетсіз

347

Таразда тәуелсіздік алғалы бірде-бір жөндеу көрмеген алып көпір бар.

Жұртқа қажет көпір әкімдікке қажетсіз Фото: Sputnik / Мария Амелина

Бетон жабындылары жарылып, қоршауы қираған. Мамандар 20 жыл бұрын апатты деп тапқанмен, жергілікті жұрт көпірді күнде кесіп өтуге мәжбүр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Өйткені қала  орталығына апарар төте жол осы. Ал құлауға шақ өткелді әкімдік неліктен өз есебіне алуға асықпайды? Мәселенің астарында не жатыр?

Тараздық Салтанат Ысқақова еңселі ескі көпір маңында 24 жылдан бері тұрады. Ширек ғасырда жөндеу тұрмақ, өткел жолы бір тегістелмеді деп өкпелі. "Ел апатты екенін білсе де, емін-еркін күнде кесіп өтеді"  дейді. Өйткені қой дейтін қожа жоқ. Оның үстіне көне көпірді балалар жазда ойын алаңы еткен. Қоршау болмаған соң, тіпті былтыр көлік аударылыпты. Оқыс жайт тағы қайталанса қайтеміз деп үрейленеді.

"Ешкім қарамайды, ешкім жауапты емес бұл жерге. Жауапты адам қоршау істемей ме? Былтыр ма, 2 жыл болып қалды. Осының темірлерінің бәрін ұрлап кеткен. Ешқандай қоршауы жоқ", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Салтанат Ысқақова.

Көпір кеңестік тұста шағылтас зауытының иелегінде болған. Өндіріс тарап, содан қараусыз күйге енеді. Әкімдік балансына да өтпей қалған. Алайда жергілікті билік 20 жыл бұрын көпірді апатты деп танып, белгі қойыпты. Бірақ белгінің өзін күн жеп, тіптен көрінбей қалған. Жолы ойдым-ойдым. Бетон плиталары үгітіле бастаған.

Көркі қашқан көпірдің жолдарында ашық жарықшалар пайда болған. Қоршауының өзі қирап тұр. Екпінмен түртсең, ілулі күйде. Ең сорақысы көпірден 1 метр төменде теміржолдың жоғары қуатты электр сымдары тұр.

Елдімекендерді жалғамаса да, көпшілік үшін көпір күре жолмен тең. Кесіп өтсе, жол әкімшілік аумаққа дейін 3-4 шақырымға қысқарады.

"Болашақта мысалы мына жақтың бәріне жұмыс орындары ашыла ма, Құмшағалға дейін жол түссе, жол салынса, асфальттанса, әрине осымен айналып барған ыңғайлы болады тұрғындарға", - дейді Тараз қалалық №11 округінің бас инспекторы Ернұр Үдербаев.

Бірақ округ басшысымен қала билігінің сөзі қабыспады. Әкімдік көпір экономикалық тұрғыда тиімсіз деп отыр. Тіпті балансқа алғысы жоқ. "Жөндеу  бюджетке де шығын екен. Ал апатты болған соң, көліктердің көпірден өтуін заңсыз дейді.  

"Көпірдің үстіне шектеу белгілері қойылған. Ол жерден техникалық құралдардың өтуіне тыйым салынған. Көпірді жауып тастайық десек оны жалпы малды айдап өтетін қауіпсіз жол болып тұр. Тиімсіз болғандықтан біз оны алдағы уақытта жөндеуді жоспарлап отырған жоқпыз",- дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Алайда әкім орынбасары айтқан шектеулердің сиясы кеуіп кеткелі қашан. Демек, жөнделсін деген жұрт тілегі де орындалмайтын түрі бар. Керісінше әкімдік полициямен бірігіп, өткелден өткендерге айыппұл салмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу