Қазақстанда соңғы 8 жылда киберқылмыс, интернет алаяқтық саны 10 есе артқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігінің құрылымында өңірлік бөліністері бар арнайы киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Бұл құрылым тек интернет алаяқтықты ашумен ғана емес, оның алдын алу, ұйымдастырушылық және заңнамалық реттеу шараларымен де айналысады.
Полиция 74 sim-box құрылғысын және тіркелмеген 88 мыңнан астам sim-карта тәркіледі. Бұл деректерге қатысты 30 адам ұсталды, оның ішінде 14-і – шетел азаматтары.
Интернет-кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізу нәтижесінде заңға қайшы мазмұндағы 59 мың интернет-ресурс анықталып, бұғаттауға жолданды. Жыл басынан бері 870 адам интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. "Антифрод-орталығы" арқылы банктермен бірлескен жұмыс нәтижесінде азаматтардан ұрланбақ болған 2,6 млрд теңгеден астам қаражаттың шығарылуына жол берілмеді. Полиция байланыс операторларымен бірлесіп 66,9 млн жалған қоңырауды бұғаттады. Республикалық деңгейде әр тоқсанда жедел алдын алу іс-шаралары өткізіліп отырады.
– Алаяқтарды анықтау мақсатында шетелдік әріптестермен белсенді қарым-қатынас жасалуда, олармен тікелей байланыстар мен жедел ақпарат алмасу арналары қалыптастырылған. Мысалы, осы жылдың қаңтар айында біз Арменияда бірлескен операция өткіздік, онда Еуропа мен ТМД елдерінің тұрғындарын алдап келген алаяқтардың екі call-орталығының көзін жойдық, – деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында орналасқан 5 call-орталықтың жолы кесілген.
– Шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты арттыру үшін Компьютерлік қылмыстар туралы Еуропа конвенциясы мен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Конвенциясына қосылу бойынша шаралар қабылдануда, – деді ҚР Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай ОКҚ баспасөз мәслихатында.